Билік

«Тәуелсіздіктің 20 шыңы» аясындағы Келісім күні

 

 

 

Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – бейбітшілік пен ұлтаралық келісім. Түрлі этностардың арасында татулық пен бірлікті сақтауда Қазақстан халқы ассамблеясының атқарған еңбегі өлшеусіз. 90-шы жылдары өңірімізде 5 ұлттық-мәдени орталық болса, қазіргі таңда олардың саны 109 -ға жетіп отыр. Бұл тәуелсіздіктің арқасында еліміз бағындарған белестерінің бір бөлігі ғана. Жиынға қатысушыларды облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Тәуелсіздіктің  20 жылдығы – еліміздің басты оқиғаларының бірі. Бүгін «Тәуелсіздіктің 20 шыңы» аясында Қазақстан халқы бірлігін күнін атап өтудеміз. Оның мақсаты – бейбітшілік, этносаралық және конфессияаралық келісім, ел бірлігін одан әрі нығайту болып табылады. Біздің қоғамдық татулығымыз елімізді жаңа белестерге жеткізеді деп сенемін.

Салтанатты жиында ұлттар арасындағы ауызбіршілікті сақтап, бейбіт бастамаларды белсенді қолдайтын азаматтардың еңбегі елеусіз қалмады. Облысымыздағы этно-мәдени бірлестіктердің 7 төрағасы «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медальдерімен марапатталды.

Тахир Гусейнов, әзірбайжан этно- мәдени бірлестігінің төрағасы:
– 20 жыл ішінде еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру біздің қолымызда. Елімізде ынтымақ болсын.

Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу – әр тұрғынның міндеті. Осы парызын абыроймен орындап жүрген азаматтар облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.  Ел ертеңі – болашақ ұрпақтың қолында. Олардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуге де елімізде баса көңіл бөлінуде. Осы мақсатпен ұйымдастырылған «Қазақстан-біздің ортақ үйіміз» атты балалар сурет байқауына қатысқан бүлдіршіндер де жиыннан құр қол қайтпады.

Әлібек Мұханов, өнер мектебінің тәрбиеленушісі, Уәлиханов ауданы:
– Мен өз суретімде Бурабай мен бүркітті салдым. Өйткені біздің елеміз мықты. Мен оның әрі қарай  өркендегенін қалаймын.

«Салт-дәстүр -2011» облыстық этномәдениет  фестивалінің шымылдығын Қызылжар ауданының шығармашылық ұжымы ашты.

 Мақпал Құсманова, Қызылжар аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:
– Біз көп дайындалдық. Қазылар алқасы еңбегімізді бағалап, жүлделі орынға ие боламыз деп сенемін.

Байқау талабы бойынша қатысушылар ұлттық киім үлгілерін көрсетіп, қолөнер бұйымдарын жасауы тиіс. Және ең бастысы – ұлттардың ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан салт-дәстүрлерінен үзінді көрсетулері қажет.  Осылайша байқауға қатысушылар әр ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетінің сақталуы – ұлттар арасындағы достықты нығайтудың кепілі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Инеш Шоқақова