Қоғам

Діни-тарихи конференция

Қазақстанды 130-дан астам ұлт өкілдері мекен етеді. Бүгінде олар бір шаңырақтың астында бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүруде. Түрлі ұлт өкілдерінің ана тілдерін ұмытпай, салт-дәстүрлерін жаңғыртуға жақсы жағдай жасалған. Оған әлем қызыға қарайды. Ауызбіршілік пен рухани сыйластықты сақтаудың ел үшін қаншалықты маңызды екенін дін өкілдері де жақсы түсінеді. Олар өз ойларын “Кеңес дәуіріндегі саяси қуғын-сүргін және нәубеттің Тәуелсіз Қазақстанда қайталануы мүмкін емес” тақырыбында өткен конференцияда ортаға салды. Бұл шара «Тәуелсіздіктің 20 шыңы. 20 жұлдызды күн» марафоны аясында ұйымдастырылды.

Виктор Михейкин, «Барлық әулиелер» шіркеуінің қызметкері:
– Біз тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында діни-тарихи конференция өткізуді ұйғардық. Ол Кеңес Одағы кезіндегі репрессия тақырыбына арналған. Мақсатымыз Қазақстанның тәуелсіздігі жолында құрбан болған азаматтарды еске алу. Олардың еңбегін ұрпаққа жеткізу.

Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтауда маңызды жұмыстар атқарып келеді. Жыл санап елімізде Алла үйлерінің қатары да өсуде. Кеңес үкіметі билік құрып тұрғанда мешіт, храм дегеннің барлығы жабылып, дін – адам басын айналдыратын апиын деп түсіндірілді. Қазір дін өкілдері елдегі тұрақтылық саясаты  халықтың өзіне деген сенімін молайтты дейді.

Қасымхан Абдоллаұлы, Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:
– Қазіргі жағдайға қарайтын болсақ, Аллаға шүкір! Тәуелсіздікке ие болдық. 20 жыл ішінде мешіттер саны көбейіп 2500-ден  асып отыр. Және 10 медресе ашылды.

Бүгінгі кездесудің Қазақстан халқы ассамблеясында өткізілуі де бекер емес. Себебі, Ассамблея  ұлттық және діни ұстанымдардың түрлілігіне қарамастан, барлық азаматтардың еркін дамуына қажетті маңызды құрылым болып  отыр.  

 

Гүлден Төлеген