ТКШ

ТКШ жаңғырту бағдарламасының шапағаты ауылға да тиеді

 

 

 

Қала тұрғындары азғана уақыт аралығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының тиімділігіне көз жеткізіп үлгерді. Облыс орталығындағы  көппәтерлі 9 үй жөндеуден өтті.

Сергей Худяков, «КазЦентрЖКХ» АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:
2012 жылы барлық аудандарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы іске асырылатын болады. Сондықтан да бүгінгі жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары мен осы сала мамандары жиналды. Бүгін олар бағдарлама жайлы толық ақпарат алып, сұрақтарын қоя алады. Осылайша бүгіннен бастап аудан орталықтарын жаңа жобаға дайындауды көздеп отырмыз.

Бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін ең алдымен азаматтарға оның түпкі мақсатын, тиімді тұстарын түсіндіру керек дейді мамандар. Олар бұл бағытта өз пайымдарын айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Ең алдымен аудан орталықтарында жеке пәтер иелері кооперативтерін құру керек, дейді Қанат Баймұхамбетов.

Қанат Баймұхамбетов, тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі:
Бағдарламаны түсіндіру мақсатында тұрғындармен 200-ден астам кездесу өткіздік. Әрине, бастапқы кезде қиын болды. Дегенмен тиімді ұсыныс азаматтарды қызықтырмай қоймады. Жобаны қолдағандардың дені оған қарсы шыққандардан көбірек болды.

Шал ақын ауданында 60-қа жуық көппәтерлі баспана бар екен. Олардың барлығы дерлік күрделі жөндеуді қажет етеді. Аталмыш ауданның өкілдері тың бағдарлама аясында бұл мәселе тез арада шешімін табатынына сенімді.

Серік Әмрин, Шал ақын ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы:
Жақсы бағдарлама. Осының арқасында тозған үйлерді жөндеуге мүмкіндік туып отыр. Бұл тұрғындар үшін де үлкен көмек.

Аудандардан келген өкілдер бағдарлама туралы өз сұрақтарына толыққанды жауап алды.

Айдана Демесінова