Қоғам

Тәуелсіздік құрдастарымен кездесу

 

Кездесуге жас болса да, өмірлік бағыттарын айқындап, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етуге дайын тәуелсіздік құрдастары жиылды. Барлығы – білім ошағының түлектері. Түрлі салада белсенділік танытып, әр өзгерістен шет қалмайтын бұл жастар өздерінің азын-аулақ тәжірибелерін ізбасарларымен бөлісті.

Асхат Гумиров, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
20 жыл ішінде еліміз өсіп, өркендеу кезеңін бастан кешірді. Бұл аз уақыт болғанмен де, қазір баршамыз Тәуелсіз, мықты мемлекеттің құрылғанына куәміз. Мен өзінің тәуелсіздіктің құрдасы болып, еліміз егемендік алған уақытта дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. 

Жиынға 8 сынып оқушылары қатысты. Дәл осы сыныптың 4 оқушысы 3 желтоқсан күні салтанатты түрде «Жас ұлан» ұйымының құрамына енбек. Талай пәнаралық олимпиадалардың жеңімпазы, сабағын кілең «беске» оқитын Ксения Твардовская солардың бірі.

Ксения Твардовская, №8 эстетикалық тәрбие беру мектеп-кешенінің оқушысы:
Мен мектеп ішіндегі түрлі шараларға белсене қатысамын. Ал «Жас ұлан» ұйымына енгеннен кейін барша еліміздің оқушылары, жастары үшін маңызды шешімдер жасауға септігімді тигіземін деп ойлаймын.  

Жастардың ынтасын ұстаздар қауымы қолдап отыр. Сондықтан олар оқушыларға үлгі ретінде кездесуге елмен бірге аяғына нық тұрған тәуелсіздік құрдастарын шақырыпты.

Елена Чуклина, №8 эстетикалық тәрбие беру мектеп-кешені директорының орынбасары:
Қазіргі таңда жастардың тегін білім алып, қалаған ЖОО-н таңдау мүмкіндігі бар. Бұл тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістігіміз деп ойлаймын. Оқушылардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз.

Тәуелсіз еліміздің бағындырған белестері әр тұрғын үшін мақтаныш. Ал ел абыройын одан әрі асқақтату  өскелең ұрпақтың қолында дейді кездесуге қатысушылар.

Инеш Шоқақова