Қоғам

«Қазақстан – ядролық қарусыз мемлекет»

 

Семей полигонының жабылуы – жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге Қазақстанның қосқан ұлы үлесі. Десе де, жалпы ядролық қарусыздану идеясы әлі күнге халықаралық қоғамдастықтың басым бағыты болып отыр. Осы орайда «Қазақстан – ядролық қарусыз мемлекет» атты шараға жиылған оқушылар, ұстаздар қауымы Қазақстанның жетістіктерін атап өтуде.

Гүлбахша Мұсабаева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті:

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлемге танылғанына 20 жыл. Осы уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінгі шарамызды «Бейбітшілік белдеуі» күнімен ұштастырып отырмыз. Дөңгелек үстелдің көздегені – ұлттық санасезімді қалыптастыру және ядролық қарусыздану саласындағы мемлекеттік басымдылықтарды құрметтеу.

Семей ядролық полигонында дерек көздері бойынша 40 жыл ішінде 500-ден астам сынақ жүргізілсе, оның 117-сі жер бетінде іске асырылды. 70 – ші жылдары Семей өлкесіндегі 13/233 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге Александр Кустарев аттанған. Қазақ жеріндегі осындай адам төзгісіз алапатты тоқтатып, тажалды тізгіндеу барлық азаматтар үшін жағымды оқиға болды.

Александр Кустарев, жиынға қатысушы:

Полигон зардабын жарты ғасырға жуық тартып, ядролық сынақтан пайда болған қайғы-қасіреттен бас көтере алмай келген халық бұл хабарды зор ризашылық сезіммен қабылдады. Бұл шешім жер шарының миллиондаған адамдарына қуаныш сыйлады, адамзат баласының бойына ядролық сынақсыз азат әлем құруға болатындығы туралы сенім ұялатты. Біз де осыны естігенде қуандық.

Жиынға қатысқандардың баршасы Қазақстанның бейбіт жолды таңдауының, ядролық қарудан өз еркімен бас тартуының ел дамуында маңызы айрықша екенін атап өтті.  

 Айым Мұқұшева, «Дарын» мектеплицейінің мұғалімі:

Семей полигонындағы апат барлығына орасан зиян келтіргені анық. Осыдан 20 жыл бұрын полигонның жабылуы маңызды қадам болды. Елбасымыз небары 20 жыл аралығында Орталық Азияда қуатты Қазақстан мемлекетін құрды. Бабалардан келе жатқан сан ғасырлық ұлы арман – Тәуелсіздікті орнатты.  

Қазақстан әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонын жауып,  ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет болды. Бұл елбасының жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан ұлы үлесі.

Жандос Наурызбаев