Мәдениет

Шоқан Уәлиханов туралы қойылым

Шымылдық ашылған сәттен бастап көрермендер 2 ғасырға артқа шегінгендей болды. «Шоқан Уәлиханов» тарихи драмасында ұлы этнограф, географ және әдебиетшінің өмірі жайлы баяндалады. Басты кейіпкерді режиссер батыл, өжет адам ретінде бейнелейді.

Виктор Шалаев, қоюшы-режиссер, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының ұлы. Ол өзінің аз ғұмырын ұлтына қызмет етуге арнады. Халық та осындай көшбасшыларын ұмытпауы тиіс деп ойлаймын.

Тарихи драма көрермендердің көңіліне әлдеқашан жол тапқан. Бұл жолы да залда ине шаншар жер жоқ. Евгений Патешкин басты кейіпкер Шоқан Уәлихановтың рөлінде. Мұндай ұлы ойшылдың образын сомдау мен үшін зор абырой дейді ол.

Евгений Патешкин, артист:
– Бұл қойылым арқылы біз адам әрдайым жақсылыққа, жаңашылдыққа ұмтылуы керек деген ойды жеткізгіміз келді. Шоқан Уәлихановтың айналасында сан түрлі адамдар болған. Көзқарастары да әр түрлі. Дегенмен әрдайым оның өзінің жеке пікірі болды.

Айжан есімді қызға деген махаббаты, генерал-губернатор мен Ерденнің қаскөйлігі, сүйгенінің өлімі. Пьесада басты кейіпкердің өмірі жан-жақты баяндалады. Ал костюмдер мен декорациялар спектакльді одан сайын әсерлі ете түскендей.

-Маған Шоқан Уәлиханов өте ұнайды. Оның Қазақстан үшін жасаған еңбегі өлшеусіз.
-Мен Шоқан Уәлихановтың өмірі жайлы көптеген мағлұмат білдім. Қойылым өте қызықты болды.
-Біз театрға жиі келе бермейміз. Қойылым көңілімізден шықты . Актерлер де өз рөлдерін өте шебер ойнады деп ойлаймын.

Шоқан туралы спектакльдің тәуелсіздіктің  20 жылдығы қарсаңында сахналануы тегіннен емес. Өйткені басты кейіпкер- ұлтқа адал қызмет етудің үлгісі. Ал театр ұжымы жақын арада көрермендерді тың қойылымдарымен қуантпақ.

Инеш Шоқақова