Қайырымдылық

Ризашылық күні

 
Бұл күні мейірімділік пен махаббат үшін бір-біріне алғыс білдіру дәстүрге айналған. Мейрам шамамен осыдан 4 ғасыр бұрын тойлана бастаған екен. Ал елімізде «Ризашылық күні» 3 жыл бұрын «Бөбек» қорының бастамасымен атап өтілетін болды. Мерекенің әсіресе ата-ана қамқорынсыз қалған балалар үшін маңызы ерекше екені сөзсіз.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
– «Ризашылық күні» – ең мейірімді мереке. Оның өзге мейрамдардан ерекшелігі – қайырымды болуға, жаныңдағы адамдарды қадірлеуге үйретеді. Адамдар бір-біріне жасаған игі істерін құрметтей білуі керек. Сіздерді осы шуақты мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Қазіргі таңда жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатта 152 бала тәрбиеленуде. Барлығы – 9 жанұя. Олардың әрқайсысына жылдар бойы қамқоршылар  демеу жасап, көмек көрсетіп келеді. «Петропавл су» АҚ 6 жылдан бері «Болашақ» жанұясын өз қамқорлығына алыпты. Бұл күні де мекеме ұжымы балаларға қалаған сыйлықтарын тарту етті.

Аслан Сатин, «Петропавл су» АҚ президенті:
– Біз «Болашақ» жанұясына көмектесіп келеміз. Әрдайым сыйлықтар сыйлап, балаларды назардан тыс қалдырмаймыз.

Мектеп-интернат тәрбиеленушілері ризашылықтарын өздерінің өнерлері арқылы жеткізді. Сондай-ақ өз қолдарымен жасаған сый-сияпаттарын қонақтарға таратты.

Серік Айтуаров:

– Мен 4-ші семьяда оқимын. Мереке қатты ұнайды. Алғыс айтамын.
Диана Кенжеғұлова
– Мен бүгін би биледім. Ән айттым. Осы мерекені асыға күттім.

Махаббат, келісім, мейірімділік пен шапағат мерекесінің балаларды жанұя жылуына бөлегені анық.

Инеш Шоқақова