Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құқық қорғау органдары қызметкерлері марапатталды


 

«Жиырма жұлдызды күннің» үшінші күні  Конституция күні болып белгіленген. Тәуелсіздігіміздің алтын қазығы, мемлекетіміздің тірегі – осы Ата заң. Конституцияны бағыт-бағдар ете отырып, тәуелсіздік жылдары біз үлкен жетістіктерге жеттік деп атап өтті облыс әкімі. Айтулы күнге орай өңірді дамытуға қосқан үлесі және адал еңбегі үшін құқық қорғау органдарының бір топ қызметкеріне облыс әкімі құрмет грамоталарын табыс етті. Олардың қатарында Уәлиханов аудандық әділет басқармасының бастығы Шаһризада Сүлейменова да бар. Осы жүйеде отыз жылдан астам еңбек еткен мемлекеттік қызметші егемендіктің жиырма жылында елімізде орын алған өзгерістер молынан дейді.

Шаһризада Сүлейменова, Уәлиханов аудандық әділет басқармасының бастығы:
-Тәуелсіздік жылдары еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында Қазақстанды әлем таныды. Еліміз дамып келеді, жағдайымыз жақсарып келеді. Өзгерістер көп мемлекетімізде.

Тәуелсіздік жылдары еліміздің құқық қорғау жүйесі де дамыды. Бұл жүйені жетілдіру үшін ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыруға үлкен мән берілді. Енді бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Алда егемендіктің жиырма жылында жеткен жетістіктерді еселеу міндеті тұр. Ал оларды орындауға еліміздің әр азаматының атсалысқаны жөн деді өңір басшысы.

Айымгүл Әбілева