Қоғам

“Отта туған Тәуелсіздік”

 

 

Орталықтың кезекті өктемдігіне наразылық білдіріп, табанға тапталып бара жатқан тілі мен ділінің, ұлттық болмысының жүрек бұлқынысын сездірген 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына биыл 25 жыл толып отыр. Ел тәуелсіздігінің бастамасы болған қозғалыс жаңа ғана бүршік атып келе жатқан талшыбықтай жастарымыздың өмірін көктей үзді. Алаңға шығып, өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына мұздай құрсанған солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы тұрды. Олар қыз-жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Облыстық тарихи- өлкетану мұражайында ұйымдастырылған «Отта туған Тәуелсіздік» көрмесі осы қанды оқиға құрбандарын еске алуға арналды.  Шерудің ең белсенді азаматтарының бірі Қайрат Рысқұлбековпен бірге алаңға шыққандың арасында солтүстікқазақстандықтар да болды. Солардың бірі – Есіл ауданы, Жекекөл ауылының тумасы Нұржан Қалиясқаров. Алматыға құрылысшы-сәулетші мамандығы бойынша білім аламын деп аттанған азаматтың асқақ арманы көп еді. Оның ішінде тәуелсіздік тұғыры бәрінен де биік болатын. Сол үшін жас жігіт өз қатарластарымен бірге тағдыр тәлкегіне ілінеді. Нұржанның бұл ерлігін туған-туыстары күні бүгінге үлкен мақтанышпен еске алып отырады.

Алма Құдабаева:
Ол өте елгезек, кісіге жақын болатын. 86 жылы Қайратпен бірге наразылығын білдіреді. Кейін институттан қуылады. Біз отбасымызбен оны мақтан тұтамыз.

Тәуелсіздікті мұра етіп кеткен аға буын өкілдерінің ерліктерін тыңдауға қала мектептерінің оқушылары мен жас әскерилер келді. Өскелең ұрпақ “елім” деп ұрандатқан жастардың ерлігі біз үшін үлкен өнеге дейді.

 Аман Жүсіпов, 6637 әскери бөлім сарбазы:
– Мен сияқты жастар алаңға шығып, біздің тәуелсіздікті ұрандап, ақыры соны алды. Мен аталарымыздың бұл ерлігін мақтан тұтамын.

Елеулі оқиғаға арналған кездесу соңында деректі фильм ұсынылды. Онда еліміздің 20 жыл ішінде жүріп өткен жолы көрініс тапты.

Гүлден Төлеген