Қоғам

Мемлекеттік шекара күні

«20 жұлдызды күн»  аясында қарашаның 27-сі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының күні. Бұл күні Петропавл әскери гарнизонының өкілдері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мен ардагерлер салтанатты жиынға қатысты. Шараға қатысушылар мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Әр елдің аумағы мен шекарасының болуы – сол мемлекеттің елдігінің басты белгісі болып табылады. Мемлекеттік шекараға байланысты мәселелер еліміздің ішкі және сыртқы саясатында айрықша орын алады. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов әскерилерді айтулы күнмен құттықтап, Еліміздің аз уақытта қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

 

 

-Тәуелсіз мемлекетіміз қысқа мерзім ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, ауқымды, саяси – экономикалық, әлеуметтік реформаларды сәтті жүзеге асырған, өзіндік даму жолын таңдаған мемлекетке айналды.

Көршілерімен құрлықта он төрт мың километрге жуық шекарасы бар Қазақстан бүгінде оны “Достық пен тату көршілік шекарасына» айналдыра білді. Заңды түрде бекітілген мемлекеттік шекара, көршілерімізбен жақсы қарым-қатынас – мұның бәрі тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген ұлттық жетістіктер.  

Тимур Қайырбеков,  2032 әскери бөлімінің командирі:

-Біздің шекарашыларымызға үлкен жүк артылып отыр. Осы орайда өз міндетімізді абыроймен атқарып келеміз. Бүгінгі айтулы шараға қатысқан барлық азаматтарды Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесімен құттықтаймын.

Мерекеге орай, қызметте қол жеткізген көрсеткіштері, мемлекеттік шекараны қорғау ісіне қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар шекара сақшылары облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды. Облыс әкімінің құрмет грамотасын алған шекарашының бірі  – Ботагөз Жалмұқанова. Ол 2003 жылы Алматы қаласындағы әскери институтты тәмамдаған. Сол уақыттан бері Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде мінсіз қызмет етіп келеді.

Ботагөз Жамұқанова,  2032 әскери бөлімінің бөлім басқармасы шекаралық бақылау бөлімінің аға офицері:

-Әрбір кәсіптің өзіндік ерекшеліктері бар. Мен өзімнің таңдап алған мамандығымды мақтан тұтамын. Әрине, әскери салада жұмыс істеу нәзік жандар үшін оңай емес. Десе де, бүгін еңбегім жанып, құрмет грамотасын алғаныма өте қуаныштымын.

10 жыл шекара қызметінде аянбай еңбек етіп келе жатқан Сәбит Қалхоразовтың да еңбегі елеусіз қалмады.

Сәбит Қалхоразов, 2032 әскери бөлімнің бөлім басқармасы штабының аға офицері:

-Менің бүгінгі еңбегімді бағалап, облыс әкімінің алғысын алып жатқаныма үлкен рахметімді білдіремін.

Мерекелік шараға жиылған қауым шекарашылардың салтанатты шеруін тамашалады.  20 жыл ішінде шекарамыз бекіді. Енді жат мемлекеттердің Қазақ елінен жер даулауына жол берілмейтіні анық.

Жандос Наурызбаев