Қоғам

Атаулы күндер күнтізбесі

 

«Жиырма жұлдызды күн» аясындағы мемлекеттік рәміздер күнінде мұрағат қызметкерлері  тәуелсіздігіміздің айнымас нышандарының егеменді еліміз үшін мән-маңызын сөз етті.

Рустам Бикенев, СҚО мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бастығы:
– Әр елдің мемлекеттілігі ресми рәміздерімен бекітіледі. Мемлекеттік рәміздер Республикамыздың Конституциясы мен «ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы заңымен белгіленді.

1992 жылдың төртінші маусымы – тәуелсіз еліміздің тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Айтулы күні еліміздің мемлекеттік рәміздері — Ту, Елтаңба, Әнұран қабылданды. Ал жаңа Әнұранымыздың қабылданғанына биыл алты жыл. “Менің Қазақстаным” деп аталатын әнұранды орындағанда әрбір қазақстандықтың бойын ерекше сезім кернейтіні анық.  

 Сондай-ақ бұл күні «Солтүстік Қазақстан облысының 2012 жылғы атаулы және есте қаларлық күндері» күнтізбесінің таныстырылымы өтті.

Сәуле Мәлікова,  СҚ мемлекеттік мұрағатының директоры:
-Күнтізбені дайындау жарты жылға жуық уақытқа созылды. Бұл күнтізбені біз еліміздің Тәуелсіздігінің 20-жылдығына арнап отырмыз. Ендігі жылы еліміздің ішінде болып өтетін және өзіміздің өлкеміздегі үлкен оқиғалар көрсетілген.

Күнтізбеде өңірдің маңызды тарихи фактілері мен облыс өміріндегі басты оқиғалар, Қазақстанға еңбегі сіңген атақты тұлғалардың туған күндері белгіленген.

Сәуле Мәлікова,  СҚ мемлекеттік мұрағатының директоры:
– Ең үлкені Дінмұхаммет Қонаевтың 100 жасқа толуы. Ол біздің Қазақстанды 25 жыл бойы басқарып өткен. Одан кейінгі үлкен мерекелердің бірі  – біздің қаламызға 260 жыл толуы. Содан кейін үлкен оқиға ол Сталинград шайқасының 70 жылдығы.

Барлығы 50 данамен жарық көрген күнтізбе 2 бөлімнен тұрады. Хронологиялық реттілікпен орналасқан маңызды оқиғалар мен айтулы күндер пайдаланушылар үшін өте қолайлы. Шара барысында сөз алғандар жаңа күнтізбенің тәрбиелік, тарихи-танымдық маңызы зор екенін айырықша атап өтті.

Әспет Абдрешова