Мәдениет

«Аралағаш – менің махаббатым»


 

Асқат Сағындықов 1951 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Ленин ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. 1973 жылы қаламыздағы педагогика институтының орыс тілі мен әдебиеті бөлімін тәмәмдап, еңбек жолын Аралағаш орта мектебінде мұғалімдіктен бастаған. Көзінің тірісінде өлеңдері мен прозалық шығармаларын жинап,  шығара алмай кеткен арманын, бүгін інісі Таңат орындап,туған – туыстары мен әріптес – достарының басын қосты.

 Таңат Сағындықов, А.Сағындықовтың інісі:

-Өзіміздің жанұямыз, ағамыз болғаннан кейін, сол кісіні ел танып, халық танығаны біз үшін үлкен мәртебе. Кітаптың атын «Аралағаш  – менің махаббатым» деп өзім қойдым. Өзінің  дәптерлерінде өзінің туған жері Аралағашты мақтап, мадақтап Аралағашта дүниеден өтті. Кітаптың қаншалықты маңызды екенін оқырмандар оқып бағасын бере жатар.  

Үлкен отаудың иесі, ардақты әке, сүйікті ата бола білген ақынның арамыздан озғанына биыл алты жыл. Асқат Өмірзақұлының артынан қалған ұрпағы оның шығармалары өз оқырманын табатынына сенімді.

 Данияр Сағындықов, А.Сағындықовтың баласы:

-Осы кітапты жарыққа шығаруға қол үшін созған барлық азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін. Әкеміз өте ардақты, жаны жарқын адам еді. Барлығымызға білім беріп, өмірден өз жолымызды табуға аянбай үлес қосты.

Ақын сондай-ақ облыстық әкімшілікте, оқу бөлімінде және облыстық телерадиокомпанияда тілші болып қызмет істеген. Соңғы жұмыс атқарған орны – облыстық мемлекеттік тілді дамыту комитеті төрағасының орынбасары. Асқат Өмірзақұлы Мағжан Жұмабаев, Сәкен Жүнісов, Зейнолла Әкімжанов және Мүтәлап Қанғожиннің шығармаларын орыс тіліне аударған.

Мүтәллап Қанғожин, ақын, жазушы,Қазақстан журналистер одағының мүшесі:

-Қазақ тілінің мәртебесін көтеру керек болды. Осы кезде екі тілді меңгерген азамат қажет болды. Біз үлкен залдардан қазақша сөйлеген адамның орысша аудармасын, орысша сөйлесе қазақша тікелей аударып беріп тұратын адам іздедік. Сонда Сағындықов Асқат осы жұмысты бірден алып кетіп, бізге үлкен көмек көрсетті.

«Аралағаш – менің махаббатым» кітабы 200 данада басып шығарылды. Жинақтан ақынның екі тілдегі өлеңдері мен прозаларын оқуға болады. Ақынның асыл мұрасы – жас ұрпаққа аманат болмақ.

Жандос Наурызбаев