Мәдениет

Жас суретшінің жетістігі


 

Аружан Дулатова  – 1 сыныптың оқушысы. Алайда қазірдің өзінде алтын ұясының мәртебесін көтеруге барын салып келеді. Ол биыл «Әлем балалар көзімен» атты республикалық байқауға қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізген.

Аружан Дулатова,  № 9 орта мектеп оқушысы:
– Маған адамдар мен табиғаттың көрінісін бейнелеген өте ұнайды. Байқауға жіберген 5 суретімді де біркелкі бояумен салдым. Өзіме қатты ұнады.

Аружанның республикалық байқауға жіберген туындылары ерекше бағаға ие болыпты. Оның еңбектері 5000-нан астам суреттің арасында үздік  сегіздікке  еніп, Жапониядағы фестивальге жолдама алған.

Әсемгүл Тоқмұрзина, Аружанның анасы:
– Мен «Петушок» балабақшасының ұжымына алғысымды білдіргім келеді. Өйткені олар Аружанды кішкентайынан сурет салу өнеріне баулыды. Мектеп табалдырығын аттағаннан соң да қызым осы ісін жалғастырды.

Қазіргі таңда №9 орта мектепте 900-ге жуық оқушы білім алуда. Мектеп ұжымы дарынды балаларға әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз дейді.

Айгүл Қожабекова,  № 9 орта мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі:
– Біздің оқушымыз тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырылған байқауда жүлделі орынға ие болғанына қуаныштымыз. Дарынды балаларға қолдау көрсетіп отырамыз.

Ұстаздар қауымы жас суретшінің жетістіктері өзге оқушыларға үлгі боларына сенімді.

Инеш Шоқақова