Қылмыс

Ұры сот залынан қашып кетті

 

Судьялардың қолдарында 30 жасар Рустам Шариевтің суреті ғана қалған. Баукеспе қарауыл бөлмесінен сытылып кетіпті. Ол бөтеннің мүлкіне қол сұққаны үшін осы айдың басында 4 жылға бас бостандығынан айрылған-ды. Жақында қылмыстық істің материалдарымен танысамын деп қайта сот залына сұранған екен. Осы сәтте үш қарауылшы да бөлмелерінде болмаған .

Қабдылжанат Нурхали, Қызылжар аудандық сотының төрағасы:
-Бір айыпталушы сот залында болды. Оның жанында қарауыл тұрды. Ал бөлмеде жалғыз қалғанын пайдаланған айыпты қашып кетті. Қарауыл екі жаққа бөлінбейді ғой.

Шариев үй тонауды кәсіп еткен. Қолға леккен аяқ киім, азық-түлік, техника, жиҺазды жымқырып отырған. Бұл жолы бөтеннің мүлкіне әуес Рустамның 10 пәтерді тазалап кеткендігі дәлелденіпті. Сот белгілеген жазаның қашқын үш аптасын ғана өтеді. Темір тормен қоршалған қарауыл есігі неліктен құлыпталмаған, қылмыскердің кісеннен қалай босап шыққандығы әлі беймәлім.

Қабдылжанат Нурхали, Қызылжар аудандық сотының төрағасы:
-Біріншіден қарауылшылардың қызметтік көліктері жоқ. Үнемі сотталғандарды өз машиналарымен тасымалдайды. Екіншіден, қылмыскерлерді күзету үшін бүгінгі құрам жеткіліксіз.

Қазір іздестіру шаралары жүріп жатыр. Қашқын жайында бар ақпарат Қазақстан аумағы мен Ресейдің көршілес облыстарына жіберілді.

Сергей Погосский, СҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері:
– Жедел іздестіру тобы Бескөл ауылында жұмыс атқарып жатыр. Куәгерлер болуы мүмкін, қызметтік тексерістер де жүріп жатыр.

Бұған дейін облыс соттарынан қашу фактілері тіркелмепті. Шариевтің бұл әрекеті үшін белгіленген мерзімге тағы үш жыл қосылуы мүмкін. Алайда жазаның қашан тағайындалары белгісіз. Қылмыскер әлі бостандықта жүр.

Жеңіс Ермұқанов