Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысына Польша мемлекетінен делегация келді

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық байланыс дамып келеді. Енді өзара қарым-қатынасты нығайта түсу үшін өңірімізге Польшадан делегация арнайы келіп отыр. Кездесуде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров екі жақты әріптестікті жақсы жолға қоюға мүмкіндіктің мол екенін атап өтті.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
-Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына жиырма жыл. Бүгінде Қазақстан сенімді түрде алға жылжып келеді. Әлемдік қауымдастықта құрметке ие. Көптеген елдермен тығыз қарым-қатынастамыз. Қазақстан мен Польша арасындағы байланыс та жыл өткен сайын дамып келеді. Бұған өзара сауда көлемінің өсуі дәлел. Алдағы уақытта облыс пен Польша арасындағы байланысты нығайтуға барлық жағдай бар.

Солтүстік Қазақстан облысы мен Польша арасындағы тауар айналымы биыл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артып, 3 млн. АҚШ долларын құраған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті өсіруге екі тарап та мүдделі. Сөйтіп, сауда-экономикалық байланысты өңірлік деңгейде дамытуға басымдық берілмек.

Яцек Ключковски, Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі:
-Айту керек, тауар айналымы тек қана ұлттық компанияларға байланысты емес. Өңіраралық байланысты нығайтудың да мәні үлкен. Елшілік өңірлер арасындағы байланысты дамыту мақсатын қойып отыр. Неліктен СҚО? Мұнда тұратын этникалық поляктардың саны үлкен. Олар біз бен сіздер арасында байланыстырушы тарап бола алады.

Қазірде екіжақты әріптестіктің бағыттарын айқындап алған жөн. Делегация құрамында келген бизнес өкілдері жергілікті кәсіпкерлермен байланыс орнатулары қажет. Поляктар екі сала бойынша – агроөнеркәсіп кешені мен авиациялық өнеркәсіпте әріптестік орнатуды ұсынып отыр.

Мирослав Карапыта, Польша Республикасының Подкарпат воеводствосының маршалы:
-Аграрлық секторда серіктестік орнатуға мүмкіндік мол. Сіздер биыл мол астық жинап алыпсыздар. Бұл үлкен жетістік. Сондай-ақ облыста мал шаруашылығы дамып жатыр. Бұл салада да өзара тиімді әріптестікті жақсы жолға қоюға болады. Ал біздің авиациялық өнеркәсіп бойынша ұсыныстарымыз бар. Екіжақты авиациялық байланысты нығайтуымыз қажет.

Біздің тарап екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандум әзірлеген. Бұл құжатқа өз ұсыныстарын енді поляктар енгізе алады.

 

 Осы күні Польша делегациясы Петропавлда бірқатар кәсіпорындар мен мәдени ошақтарды аралады.

Меймандар ат басын тіреген алғашқы кәсіпорын – «Фрегат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сауда нарығында беделді орны бар кәсіпорын шұжық өнімдерін дайындаумен айналысады. Бүгінде аталмыш өнімнің 80 – ге тарта түрі шығарылады. Оның ішінде жартылай дайындалған өнім мен деликатестер, сонымен қатар халал өнімдері де бар. Кәсіпорынның өндіріс қуаттылығы тәулігіне 200 тонна. Мұнда 70 –ке тарта адам еңбек етуде. Поляктар кәсіпорындағы ет бұзу және тұшпара шығару цехында болып, технологиялармен танысты. Сондай – ақ дайын өнімнен дәм тәтті.  Делегация өкілдерінің назарынан «ҚазЕтӨнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы да тыс қалмады. 2005 жылдан ет өнімдерін саудалап келе жатқан кәсіпорын күніне 7 тонна ет өңдейді. Тек теріскейге ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне ет өнімдерінің 72 түрін жөнелтеді. Кәсіпорынның биылғы жетістігі дайын өнімді ваккуммен қаптайтын агрегатқа қол жеткізуі. Кәсіпорынның тыныс – тіршілігімен танысқан делегация өкілдері, “ҚазЕтӨнімдеріне” оң бағасын берді. Осы салада ісін дөңгелетіп жүрген польшалық кәсіпкер Марьян Мирослав аталмыш шаруашылықтың жұмысына қызығушылығын жасырмады.

Марьян Мирослав, “HERMAN” АҚ басқармасының төрағасы:

-Кәсіпорынның жұмысы көңілімізден шығып отыр. Енді алдағы уақытта бірге қоян – қолтық жұмыс істеу төңірегінде ойланбақпыз. Елімізден мамандарды жіберіп, тәжірибе алмасуды көздеп отырмыз.

Облысымызға келген меймандар “Ботаникалық саябаққа” да соқты. Бүгінде өңір мақтаныштарының бірі болып табылатын орталықта еуропалық ағаштармен қатар “Қызыл кітапқа” енген түрлі өсімдіктерді кездестіруге болады. Поляктар “Ботаникалық саябақты” аралап, естелік суретке түсті. Күннің екінші жартысында делегация өкілдері өнер мұражайындағы сурет көрмесімен танысты.Мұнда 100 – ден астам жас жеткіншектің суреттері мен қуыршақтары қойылған.

Валентина Корнева,  СҚО “Коперник” мәдени орталығы төрағасының орынбасары:

-Көрме поляк елінің өмірімен байланысты. Жеткіншектеріміз бұл байқауға зор ықыласпен қатысып, туындалырын әкеліп, үздіктері марапатқа ие болды.

Көрмеге қойылған суреттерді қаламыздағы “Юнеско” балалар мен жасөспірімдер клубының мүшелері жасаған. Сондай – ақ “Петушок” балабақшасының және педагогтардың қолынан шыққан туындылар орналасқан.  Облысымызға жұмыс сапарымен келген Польша өкілдері Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ – дің білім беру порталымен танысты. Қазіргі таңда студенттер осы бағдарлама арқылы өздерінің сабақ кестесін, алған бағалары мен университетте болып жатқан оқиғаларды бірінші болып білу мүмкіндігіне ие. Меймандар сондай – ақ арнайы бұрыш және лабораторияны назардан тыс қалдырмады. Бұдан соң делегация білім беру ошағының мұражайын аралап, қол жеткізген жетістікер, Академик Манаш Қозыбаевтың өмірімен танысып, “Құрметті қонақтар” кітабына Польша Республикасының Подкарпат воеводствосының маршалы Мирослав Карапыта қолтаңбасын қалдырды. Меймандар сондай – ақ университет обсерваториясында болды. Поляктар атбасын бұрған тағы бір нысан  – облыстық Ассамблея. Қарашаның 29 – нда “Коперник” мәдени орталығы өзінің 15 – нші туған күнін атап өтпек. Осы айтулы мерекемен тұста – тұс келген басқосуда облысымызда тұрып жатқан поляк ұлтының өкілдеріне делегация өкілдері алғыстарын білдіріп жатты.

Мирослав Карапыта, Польша Республикасының Подкарпат воеводствосының маршалы:
-Бүгінгі кездесу біз үшін өте маңызды. Өңір қонақжайлылығымен ерекшеленді. Солтүстік Қазақстан жерінде поляк елінің әдет- ғұрпын, тарихын жоғалтпай, өскелең ұрпаққа жеткізіп келе жатқандығы қуантады.

Бүгінгі күні өңірімізде 16 мыңға жуық поляк тату – тәтті өмір сүруде. Жиында еліміздегі Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Яцек Ключковски бірқатар поляк азаматтарына төлқұжаттар табыс етті. Осындай қуанышқа ие болғандардың бірі -Елена Чуракова.

Елена Чуракова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 2 курс студенті:

-Мен бүгін жеке құжат алғаныма қуаныштымын. Бұл маған Польша еліне шығып, ата – бабаларымның тарихымен танысуға мүмкіндік береді. Өзімнің түп – тамырымды естен шығармау өте маңызды деп ойлаймын.

Басқосуға қатысқан жергілікті поляк өкілдері меймандармен естелік суретке түсті.

Айымгүл Әбілева ,  Жандос Наурызбаев