Билік

Сайлауға әзірлік

 

 

 

Елбасы жарлығы бойынша ҚР Парламентінің Мәжілісі таратылып, партиялық тізім бойынша кезектен тыс сайлау 2012 жылғы қаңтардың 15-не тағайындалды. Бұл күні сондай-ақ жоспар бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарға да халық қалаулылары жаңадан таңдалатын болады. Сондықтан сайлау комиссияларына артылатын жүк еселенбек.

Бейбіт Мұқанов, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:
-Облыс мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына кірісіп жатырмыз. округтік, аудандық, қалалық комиссиялардың дайындық сапасын арттыру   жөнінде облыстық сайлау комиссиясының мүшелері аудандарға шығып, семинар-кеңестерге қатысып, әріптестерімен дайындық жөнінде әңгімелер жүргізуде.

Сайлау науқаны басталғалы облыстық комиссия Мамлют, Аққайың, Есіл аудандарындағы әріптестерінің пысықтау жұмыстарымен танысып үлгеріпті. Депутаттыққа өз кандидатурасын Қазақстанның әр тұрғыны ұсынуға құқылы. Өтініштер желтоқсанның 14-не дейін қабылданады. Сондай-ақ кездесуде Мәжіліс депутаты конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатындығы айтылды. Өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Халық қалаулысы бір мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды. М. Жұмабаев ауданы маңызды науқанға ерте бастан қамданып қойыпты. Сайлаушылардың тізімі анықталған.  

Сергей Заев, М. Жұмабаев аудандық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Аудандағы 66 сайлау учаскісіне 22 869 адам тіркелген. Оның 13 округтік болса,  2-і облыстық. Бұл кездесуден кейін өзіміз де кеңес өткіземіз. Олқылықтарды түзейміз. 21-ші желтоқсаннан үгіт-насихат жұмыстары басталады. Біз оған бүгіннен дайынбыз. Күнтізбелер мен үн парақтарды әзірлеп қойдық.

Кездесуде айтылған ақпаратты енді сайлау учаскілерінің комиссия мүшелері орындарында қорытатын болады. Алдағы сайлауда өз даусын берем дегендерге үш бюллетень берілетін болады. Алғашқысында саяси партия таңдалады. Екіншісінде облыстық мәслихат депутатын көрсету керек. Соңғысы қалалық немесе аудандық мәслихаттың халық қалаулыларына дауыс беру үшін арналған. Жалпы сайлау науқанын жүргізуге мемлекеттік қазынадан 8 млрд. 100 млн. теңге бөлінді.

 
Жеңіс Ермұқанов