Спорт

Қыздар арасындағы волейбол жарысы

 

 

 

Бүгінгі додада барлығы 3 команда бақ сынауда. Олар СҚМУ құрамасы, Петропавл экономика-құрылыс колледжі,  Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командалары. Ойын жолдастық кездесу ретінде өтіп жатыр.

 Александр Усенов,   Дене шынықтыру және туризм кафедрасының оқытушысы:
– Аталмыш спорт жарысы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған. Бұл турнир соңғы екі апта ішінде екінші рет өткізіліп отырған жарыс. Бұған дейін  университет спартакиадасы ұйымдастырылған болатын.  

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша бұл ойын көктемде өтетін жарысқа дайындық болмақ. Сондықтан құрамаларға бір-бірін тануға мүмкіндік бар. СҚМУ құрамасы жаңадан жасақталған команда. Есесіне қоржынында айтарлықтай жетістіктер көп емес. Дегенмен олар болашағына сеніммен қарайды.

Ирина Степанова, СҚМУ құрама командасының капитаны:
-Біз осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылып тұрғандығын қалаймыз. Жас команда ретінде тәжірибе бөлісуде мұндай сайыстардың маңызы зор.

Ал балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің «Барс» командасы үшін бүгінгі ойын алғашқы емес. Облыстық, қалалық деңгейдегі сайыстарда бұл құрама жүлделі орындарға ие болып жүр. Волейболдан өткен республикалық кубокта қыздар үшінші орыннан көрінген.

Наталья Ругинскене, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі «Барс» командасының жаттықтырушысы:
– Қазір облыс бойынша біздің команда Қызылжар аудандық құрамасынан кейінгі екінші орында. Командамыз әлі жас,  сондықтан алда биік шыңдардан көрінеді деген үміттемін

Жарыс айналым бойынша өтіп, әр құрама 3 ойынға қатысты. Бұл кездесулерде спорт мектебінің командасы өз басымдықтарын айқын таныта білді.