Билік

Өскен ауыл

Күнсұлу Нұрғожина өмірінің 37 жылын өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуға арнапты. Еңбек жолын Мамлют ауданына қарасты Новомихайловка ауылдық округінің Бексейіт орта мектебінен бастап осы жерден құрметті демалысқа шыққан. Ауылдың ардақтысы елді мекендерінің бүгінгі ауыз толтырып айтарлық жетістіктерін мақтанышпен баяндап берді. Әсіресе округтегі 200-ден астам зейнет жасындағы аға буын өкілдерінің еңбектері еленіп,  кейінгі толқын тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі екен.

Күнсұлу Нұрғожина, зейнеткер:
– Ауылымыз күннен-күнге өркендеп келеді. Бірінші мәселе ауыз су болатын. Су бар қазір үйге әкеп береді. Отын-шөбіміз бар қызқа әзірміз. Зейнетақы көбеюде. Үлкендерді қадірлейді әр уақытта.

Бүгінде округке қарасты 5 елді мекенде 2746 тұрғын 741 үйдің түтінін түтетіп отыр. Көшелер жарықтандырылған. Келесі жылы әр баспана телефон байланысымен толық қамтылмақ. Бүгінде Новомихайловск ауылдық округінің әр елді мекені таза ауыз сумен қамтылыпты.

Берікбай Уәлиев, Мамлют ауданы Новомихайловка ауылдық округінің әкімі:
– Өткен жылы бюджеттен қосымша 140 млн теңге бөлініп,  біз Меңгесер ауылына 15 шақырымдық су магистралін жеткіздік . Биыл 2012 жылға сметалық жоба жасадық. Ондағы мақсат – орталық желіден әр үйге ауыз су тарту.

Биылғы орақ науқанында округке қарасты 8 серіктестік пен 22 шаруа қожалығының егіні бітік шығып гектарынан 25-27 центнерден астық бастырыпты. Денсаулығы мықты халқы бар елдің өзі мықты. Округтегі денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлінеді. Мұндағы дәрігерлік амбулаторияның штаттық құрамы толық. 9 ақ халатты абзал жан науқастарға жан-жақты заманауи медициналық қызмет көрсетеді.

Наталья Макаренко, Мамлют ауданы Новомихайловка дәрігерлік амбулаториясының фельдшері:
– 2005 жылы жаңа амбулатория салынды. Емдеу мекемесі заманауи қондырғылармен жабдықталды. Біздің қарамағымызда 9 ауылдың 3 мыңнан артық тұрғыны бар. Жедел жәрдемге шығатын жаңа көлік берілді.

Тәуелсіздік жылдары ел ертеңі жастарды тәрбиелейтін білім саласында да тың өзгерістер байқалуда. Округ орталығындағы 1974 жылы іргесі қаланғаннан жөндеу көрмеген мектеп 2009 жылы «Жол картасы»  аясында күрделі жөндеуден өтті. Округтегі жалпыға бірдей білім беретін үш ошақта оқу заман талабына сай өтуде. Бексейіт қазақ орта мектебінде бүгінде 75 оқушы білгендеріне білім қосуда.

Сайлаубек Есмұқанов, Бексейіт қазақ орта мектебінің мұғалімі:

 

– Оқушыларға жан-жақты білім беруге бар жағдай жасалған. Компьютерлік жүйемен қамтылып, интернет қосылған. Материалдық-техникалық база жеткілікті. Осының арқасында өткен жылы 16 оқушы бітіріп, үшеуі грантқа түсті. БҰТ 89,9 балл көрсеттік. Бұл аудан бойынша екінші орын.

Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жұмысы да жақсы жолда. Жұмыс істеп тұрған үш шағын орталықтың соңғысы “Еркетай” биыл кішкентай тәрбиеленушілеріне есігін айқара ашыпты.

Нағима Қорғанбаева, Бексейіт қазақ орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі:
– Балалар үшін барлық жағдай жасалған. 5 мезгіл тамақпен қамтылады. Сабақтар «Зерек бала» бағдарламасымен жүргізіледі. Барлық сабақтар ойын түрінде өткізіледі. Ата-аналар қуанышты.

18 орынға шақталған бүлдіршіндер орталығы қол қусырып отырған 17 адамды жұмыспен қамтыпты.
Гүлім Сексенбаева,”Еркетай” шағын орталығының тәрбиешісі:
-Жұмыс пайда болды. Сонымен қатар өзімнің балам да осында келеді. Ата-аналарға еш алаңсыз жұмыс істей беруге болады. білім көзінің ең алғашқы қадамы ғой. Бұнда көпті үйрендік. Мектепке дайын боп барады.

Бүгінде еңбекке жарамды тұрғындардың тек 2 пайызы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген көрінеді. Бұл мәселе де жуық арада шешімін таппақ.
Елбасының Соңғы жолдауындағы қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы бастамасы да сәтті жүзеге асып келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін округте бірқатар спорттық үйірме жұмыс істейді. Балалардың спортқа деген ынтасы жақсы. Республикалық жарыстарда жүлде алғандары да бар. Ауыл жастары спорттық ойындар ойнайды. Салауатты өмір салты округте дұрыс жолға қойылған.
Мұндағы мәдени өмір де қоғам өмірмен біте қайнасып жатыр.  2 кітапхана жұмыс істейді, Мәдениет үйі де тұрғындардың иелігінде. Қазір округтің өнер ұжымдары тәуелсіздіктің 20 жылдығына мерекелік концерт әзірлеу үстінде. Жастардың шығармашылық дарындарын ашып, ұлттық өнерді дамытудың да мүмкіндіктері зор.

 Жеңіс Ермұқанов