Бизнес және экономика

Ресейлік кәсіпкерлер ағаш өңдеу кәсіпорындарын аралады

 

 

«Левин» жеке кәсіпкерлігінің нарыққа шыққанына биыл жиырма жыл. Осы жылдар ішінде мұнда жұмсақ және корпустық жиһаз өндірісі жақсы жолға қойылған. Кәсіпорын цехында күніне алты текше метр ағаш өңделеді. Қайың мен қарағайдан жасалған жиһаздар біздің облыстан өзге Астана, Көкшетау қалаларында да сұранысқа ие. Енді кәсіпкер Ресей нарығына шығуды межелеп отыр. Әзірге Омбы қаласына ғана азын-аулақ жиһаз жеткізіледі екен. Түмендіктер дайын өнімдерді көріп, өндіріс технологияларын сұрап білді. Ресейліктер жергілікті кәсіпкермен әріптестік орнатуға дайын, өзара тиімді ұсыныстар болса, оларды қарауға әзір екендіктерін жеткізді.
  Бұл күні түмендіктер “Лесокомплекс – 2030” серіктестігінде де болды. Шекаралас облыстың кәсіпкерлері кәсіпорын жұмысымен жете танысты. Ағаш өңдеуде қолданылатын технологиялар түмендіктердің қызығушылығын тудырды. Мұндағы озық үлгідегі қондырғылар Қытайдан жеткізілген. Кәсіпорынның айына 300 текше метрге дейін ағаш өңдеуге мүмкіндігі бар. Бірақ бүгінде мұнда бар болғаны 30 текше метр ғана өңделеді. Бар гәп – шикізатты кептіруде екен.

Андрей Андреев, «Лесокомплекс – 2030» ЖШС директоры:
-Төрт жыл бұрын кептіргіш қондырғы сатып алған болатынбыз. Қазір ол жұмыс істемей тұр. Өйткені қондырғыны іске қосу үшін қосымша құрылғылар сатып алу керек. Ал банк түсініксіз себептермен қаржыландырудан бас тартып отыр. Бүгінде осындай мәселеге тап болып отырмыз. Шикізат бар, бірақ оны кептіретін жағдай жоқ.

Бұл мәселеде түмендіктер көмек көрсетуге дайын. Олар кептірілген шикізат жеткізу үшін жергілікті кәсіпкермен әріптестік қарым-қатынас орнатуға ынта білдіріп отыр.

Владимир Антушев, “ЗАГРОС” ЖАҚ директорының орынбасары, Түмен облысы:
-Кәсіпорындағы қондырғылар үлкен жұмыс атқаруға мүмкіндік береді. Мұнда жақсы өнім әзірленеді. Бірақ құрғақ шикізатқа қатысты проблема бар екен. Бұл мәселеде біз көмек көрсетуге әзірміз. Сапасы да жақсы, бағасы да қолжетімді болмақ. Біз мамандарымызды осында жібереміз. Кәсіпорын қызметкерлерін де бізге шақырамыз.

Сөйтіп, екі тарап та алдағы уақытта әріптестік жолдарын қарастырып, өзара тиімді серіктестік қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Сондай- ақ түмендіктер құрылыс материалдары сатылатын «Гедеон» сауда орталығында да болды.

Айымгүл Әбілева