Салық басқармасы

Депутаттықтан үміткер табысын жариялауы керек


 

Парламент Мәжілісіне және мәслихаттарға депутаттыққа кандидаттарды ұсыну жақын арада аяқталмақ. Үміткерлер тіркеуден өтпес бұрын салық органдарына жеке табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырулары тиіс. Бұл ақпаратты әр үміткер өзінің тұрғылықты жеріндегі салық органына тапсырады.

Жаңыл Қабдөшева, СҚО бойынша салық департаментінің бас маманы:
-Салық кодексінің 185-бабы 2-тармағы мен 104-бабы 1-1 тармақтарына сәйкес кандидат және оның жұбайы тіркелуге дейін табыстары мен мүлкі туралы декларацияларды салық органдарына тапсырулары тиіс.

Өңірдегі барша салық басқармаларында декларацияларды қабылдау үшін арнайы терезелер ашылған. Сондай-ақ бұл жерде құжатты толтыру бойынша мамандардың кеңесіне жүгінуге болады. Ал бұл ретте туындайтын сауалдар аз емес. Әсіресе, депутаттыққа алғаш рет ұсынылған үміткерлердің декларацияны толтыруында бірқатар ерекшеліктер болмақ.

Жаңыл Қабдөшева, СҚО бойынша салық департаментінің бас маманы:
– Егер де депутаттыққа кандидат бірінші рет ұсынылып отырса, «декларация түрі» атты 5 жолды толтырғанда «бастапқы» деген ұяшықты белгілеуі керек. Қалған жағдайда «кезекті» деген ұяшық қолданылады. «Жұмыс орны» ұяшығын белгілегенде дауысқа түскен саяси органын көрсетеді.

Депутаттыққа үміткерлердің жеке табыс салығы мен мүлігі бойынша декларацияларды тапсыру жөніндегі ақпаратпен СҚО бойынша салық департаментінің сайтында толығырақ танысуға болады.

Инеш Шоқақова