Аптадағы маңызды жаңалықтар

Түмен кәсіпкерлерінің делегациясы Солтүстік Қазақстанда

 

 

 

 

Түмендіктердің іскерлік қарым-қатынасты нығайту туралы ұсынысы солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің де қызығушылығына ие болды. Сондықтан жергілікті бизнес өкілдері Ресейлік қонақтармен қуана кездесті. «Екі жақты байланысты дамытудың келешегі» атты дөңгелек үстелге 30-ға жуық ресейлік бизнес өкілі қатысты. Өз ісін дөңгелетіп жүрген жерлестеріміздің айтуынша, өңірде агроөнеркәсіп кешені, ағаш өңдеу, балық өндіру саласы, зауыттар жұмысы жақсы жолға қойылған. Дегенмен, оларды жаңа сатыға көтеру қажеттігі туындап тұр. Осы орайда шекаралас елдердің тәжірибесі артық етпейді.

Арман Өтегенов, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:
– Бүгін Түмен облысының бизнес делегациясын қарсы алып отырмыз. Бизнес делегациясы ішінде көп кәсіпкерлер бар. Олардың ішінде орман, өнім өндеу кәсіпорындарын кездестіруге болады. Олардың ішінде жаңа кәсіпорындар көп.

Түмендік делегация құрамында келген кәсіпкерлердің дені нарықта талай жыл жұмыс істеп жүрген көрінеді. Олар қазақстандықтармен да біраз уақыттан бері қоян-қолтық еңбек етуде. Көрші ел кәсіпкерлерінің көздеп келген тағы бір мақсаттары бар.

 – Біздің зауыт 60 жылдай қалааралық көлік құралдарына қосалқы бөлшектер шығарумен айналысады. Біз сіздердің қалаларыңыздағы кәсіпорындармен бұрыннан бері іскерлік құрып келеміз. Ал болашақта бірегей жобалар құру ойымызда бар.

Экологиялық ғылыми-зерттеу институтының бас инженері Виктор Рядинский Қазақстанның Атырау қаласымен іскерлік байланыс орнатқан екен. Ол бұл жолы ауқымды жобасымен келіпті.

Виктор Рядинский, экологиялық ғылыми-зерттеу институтының бас инженері:
-Бізде мұнай өндірудің өте қолайлы тәсілі бар. Ол Қазақстанды қызықтырады деп ойлаймын. Біз шығарған технология қалдықтардан көмірсутек алуға көмектеседі. Ол мұнайды ерітуші құрал болып табылады. Сонда мұнай құбырлардан тез ағатын болады.

Іскерлік кездесудің екінші кезеңі бойынша ресейлік қонақтар облысымыздың өндірістік және әлеуметтік нысандарын аралайтын болады. Оның ішінде Петропавл ауыр машина жасау және көпсалалы жабдықтар зауыты, «Мұнаймаш» АҚ, Достық үйі, кардиологиялық орталық, 3 аурухана  бар.

 

  

 Солтүстікқазақстандық және түмендік кәсіпкерлер келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді іскерлік қарым-қатынас орнату жолдарын талқылады. Екі жақтың бизнес өкілдерінің түрлі сала бойынша ұсынарлары мол болды.   

 

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Түмен облысында үстіміздегі жылдың мамыр айында болып, бірқататар келіссөздер жүргізген. Енді іскерлік қарым-қатынасты нығайту үшін өңірімізге түмендіктер келіп отыр. Екі жақты өзара тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік үлкен дейді бизнес өкілдері. Түмендіктердің жергілікті кәсіпкерлерге ұсынары мол. Мәселен, Түмен фанера зауытының өкілдері өз өнімдерінің бәсекеге қабілетті, сапасы жоғары екенін алға тартады. Қазақстан нарығына шыққанына он бес жыл болған кәсіпорын енді солтүстіқазақстандықтармен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі.

Татьяна Морозова, «Түмен фанера зауыты» ЖШҚ маркетинг бойынша маманы:
– Біздің зауыттың құрылғанына жетпіс жылдан астам уақыт болды. Бүгінде біз бәсекеге қабілетті фанера өнімдерінің бес түрін шығарамыз. Қазіргі күні 35 елмен іскерлік қарым-қатынас орнатып отырмыз. Солтүстік Қазақстан облысында да әріптес табамыз деген үміттеміз. Бүгін осы мақсатпен келдік.

Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен де түмендіктер әріптестік орнатуға әзір. «Штейнбаум» компаниясының өкілдері мал қораларын салуда жаңашылдық ұсынып отыр.

Эдуард Беспалов,  «Штейнбаум» компаниясының өңірлік директоры, Түмен қаласы:
– Біз мал қораларын ағаш діңгегінен салуды ұсынып отырмыз. Мұндай қоралардың бірқатар артықшылығы бар. Біріншіден, олардың құны 10 пайызға төмен. Екіншіден,  бұл қора сиырларды күтіп-бағуға ыңғайлы. Және оларды ұзақ уақыт пайдалануға болады. Біз бірнеше солтүстікқазақстандық кәсіпкермен келіссөз жүргіздік. Алдағы уақытта әріптестік орнатамыз деген үміттеміз.

Келіссөздер жүргізуге Ресей медицина орталығының  өкілдері де келген. Солтүстікқазақстандықтар түмендік кардиохирургтермен көп жылдан бері тәжірибе алмасып келеді. Енді жергілікті дәрігерлер нейрохирургия саласында әріптестік орнатуға ынталы. Қазақстандық және ресейлік мамандар биылдан бастап екі бағыт бойынша бірлесе жұмыс жүргізуді көздеп отыр.

Юрий Белоног,  облыстық аурухананың бас дәрігері:
-Бірінші бағыт бойынша біздің дәрігерлерді оқытамыз. Олар өзіміздің облыстық аурухана базасында, сонымен қатар Түмен қаласындағы нейрохирургия орталығында біліктіліктерін арттыратын болады. Бізді омыртқа мен бас миына операция жасауда пайдаланылатын жаңа озық технологиялар қызықтырады. Екіншіден,  сырқат адамдарды Түменге жеткізуге жәрдем жасалады.

Балық шаруашылығы саласында да екіжақты тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік мол.

Марат Есімсейітов, СҚО бойынша балық инспекциясының бөлім бастығы:
– Өзара келісім жасалды. Біз Түменге ақтабан балық  жеткіземіз. Бұл балыққа бізде сұраныс болмаса, Ресейде керісінше. Түмендіктер балықты сүрлеп саудаға шығарады.

Делегация құрамында мұнай-газ секторы, машина және қондырғы жасау, ағаш өңдеу, туризм салаларының өкілдері де бар. Барлығы да солтүстікқазақстандықтармен келіссөздер жүргізіп, ұзақмерзімдік әріптестік орнатуға дайын.

 

Гүлден Сәрсенбаева,  Айымгүл Әбілева