Өнеркәсіп

Өндіріс көлемі өсу үстінде

 

 

 

Вера Шатованың Петропавл ауыр машина зауытында еңбек етіп жатқанына жиырма жыл болыпты. Ол кәсіпорынға келген сонау тоқсаныншы жылдары жағдайдың мүлде өзгеше болғанын айтады. Еңбек өнімділігі төмен, жалақы уақытында берілмейтін. Ал тәуелсіздік жылдары ішінде зауыт дамып, бүгінгі күні еліміздің машина жасау саласында өзіндік орны бар кәсіпорынға айналған.

Вера Шатова:
– Сонау тоқсаныншы жылдардан бері көп дүние өзгерді. Ол кезде цехтарда суық болатын. Еңбекақыны айлап күтетінбіз. Ал бүгінде жағдай басқаша. Жаңа қондырғылар түсіп жатыр. Жалақымыз өсіп, уақытында төленеді. Сондықтан жастар да зауытта жұмыс істеуге келіп жатыр.

Айтқандай Вера Андреевнаның жұбайы, оның ата-анасы да осы зауытта еңбек етіпті. Енді бұл істі бүгінгі ұрпақ жалғастыруда. Валерий Шахов ел тәуелсіздігінің құрдасы. Оның Петропавл ауыр машина жасау зауытында дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жатқанына екі жыл.

Валерий Шахов, дәнекерлеуші:
-Гуманитарлық-техникалық колледжді бітіріп, осында еңбек етуге келдім. Жұмысым өзіме ұнайды. Барлығы көңілімнен шығады. Енді әрі қарай да еңбек етіп, біліктілігімді көтеретін боламын.

Биыл Петропавл ауыр машина жасау зауыты елу жылдық мерейтойын атап өтті. Кәсіпорын бүгінде тұрақты түрде дамып келеді. Қазіргі күні мұнда 1116 адам еңбек етеді. Жыл өткен сайын кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Үстіміздегі жылы 7 млн. АҚШ долларына жаңа қондырғылар жеткізіліпті. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Александр Кашировский, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас инженері:
-Өндіріс көлемі бізде жылына 4 млрд. теңгені құрайды. Соңғы уақытта жаңа бағыттар бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қорғаныс министрлігімен келісім бар. Арнайы техника бүгінде сынақтан өткізіліп жатыр.

Кәсіпорындағылар келекшекте өндіріс көлемін он млрд.-қа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл үшін егеменді елімізде жағдай бар, мүмкіндік те мол дейді зауыттағылар. Тек алға айқын мақсат қойып, оған жету жолында аянбай еңбектену қажет. Бүгінгі күні өндіріс орнында алдағы үш жылға тапсырыстар бар, келісімдер жасалып та қойыпты.

 

Айымгүл Әбілева