Спорт

Спорттық биден Қазақстанның ашық кубогы

 

Спорттық биден халықаралық турнир осымен 12 жыл ұйымдастырылуда. Додада қатысушылар самба, ча-ча-ча, вальс биі бойынша өнер көрсетуі тиіс. Бағын сынаушылардың дені халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегерлері. Сондықтан оларға бұл жарыста баға беруге Қазақстан мен Ресейдің мықты деген 20 – ға тарта төрешісі шақырылған.

Денис Есауленко, турнирдің бас төрешісі:

-Белгіленген халықаралық төрешіліктің ережелері бар. Осыған орай әділ бағалар беріліп, мықтылар жеңіске жетеді деген сенімдемін.

Доданың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Фархат Қуанғанов бишілерге сәттілік тіледі.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары: -Сіздерді облыс әкімі Серік Сұлтанғазыұлы Біләловтың атынан спорттық билеуден Қазақстан ашық кубогының ашылуына байланысты қонақжай Солтүстік Қазақстан жерінде қарсы алуға қуаныштымын. Баршаңызды еліміздің елеулі мерекесі тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

Жарыста қаламыздың атынан «Александра» спорттық би шеберлігі мектебінің жұбы – Елизавета Бобылева мен Антон Ткачук қатысуда. Аталмыш жұп 3 жыл қатарынан осындай байқауларда жүлделі орындардан көрініп келеді.

Елизавета Бобылева мен Антон Ткачук, турнирге қатысушылар, Петропавл қаласы:

-Турнирден жақсы нәтиже күтіп, ақтық сынға жолдама аламыз деген сенімдеміз. Қазір қарсыластарымызға дес беріп жатқан жоқпыз. Сондықтан жеңіске жету біздің басты мақсатымыз.

Екі күн қатарынан жарыста 300 – ден астам жұп өз өнерлерін ортаға салды. Олардың бірі Анастасия Симонова мен Альберт Фятхуллин. Бұл жұп жарыста Қарағанды облысының намысын қорғауда.

Анастасия Симонова мен Альберт Фятхуллин, турнирге қатысушылар, Қарағанды облысы:

-Қарсыластарымыз өте мықты. Десе де осы сайысқа қатысып, өз өнерімізді көрсетуге бел будық.  

Жалпы аталмыш турнирде жас ерекшелігі бойынша 20 топқа бөлінген спортшылар сынға түсті. Үздіктердің үздігі кубокпен және диплом, сондай – ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жандос Наурызбаев