Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сайлауалды тұғырнама жобасы

Партияның бұған дейінгі сайлауалды тұғырнамасы осыдан 4 жыл бұрын қабылданған болатын.

Осы уақыт ішінде нұротандықтар бағдарламаларының жемісін көріп отыр. Ол негізінен халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Қайрат Пішенбаев, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
-Әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында «Нұр Отан» ХДП үкіметтік емес ұйымдар, кәсіптік одақтармен меморандумға қол қойды. Қазақстандағы бюджеттік сала қызметкерлерінің орташа жалақысы 2007 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап 68 мың теңгені құрады. Орташа зейнетақы мөлшері 27665 теңгеге жетті.

Бұл тек бастама ғана дейді нұротандықтар. Жаңа сайлауалды бағдарлама  өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуге негізделген. Олар алдағы 5 жыл ішінде ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуды көздеп отыр. Агроөнеркәсіп кешенін дамытып, жаңа өндіріс ошақтарын ашу бұл мәселенің шешімі болмақ. Сондай-ақ ауылдық кәсіпкерлерге 3 млн теңгеге дейін 5 жылға шағын несие беру арқылы қолдау көрсету де жоспарда бар.

Қанат Қалиев, “Нұр Отан” ХДП Мамлют аудандық филиалының төрағасы:
-Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуы селодағы өмір деңгейі бойынша бағаланады. «Нұр Отан» ХДП жоғары бағаланған және бірқатар оң өзгерістерімен белгіленген 2007 жылдағы платформасын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемде 1-орынға шықты. Бидай экспорты бойынша 7-орын алады.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында түрлі салалар бойынша оң өзгерістер аңғарылуда. Бұл игі бастамаларды партияның сайлауалды бағдарламасы жалғастырмақ. Сондықтан 2012 жылдың 15 қаңтарында өтетін Парламент Мәжілісінің кезектен тыс және мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына қатысатын үміткерлерге зор сенім артылған.

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Бұл сайлау – саяси маңызды шаралардың бірі. Сондықтан науқанға үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын. Әр үміткердің жеке қасиеттері мен қоғамның саяси-әлеуметтік өміріне белсене араласуы назардан тыс қалмауы тиіс.

Жаңа жоба ең алдымен дені сау және білімді ұлт қалыптастыруға бағытталған және маңызды, ұзақ мерзімді құжат болмақ.  Сондай-ақ отырыста «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІV съезіне қатысатын делегаттар сайланды. Қарашаның 25-де Елордада өтетін жиынға партияның солтүстікқазақстандық 31  өкілі қатыспақ.

Инеш Шоқақова