Спорт

“Барс” бірінші турда жарыс көшін бастады

Алғашқы үш кездесуде қарсыласқа тізе бүккен олимпиадалық резервтегі “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрамы кезекті ойынға атымызға сай боламыз деп жігерленіп шықты. Турнир басталғалы  астаналық баскетболшылардың да жолы болмады. Ұпай екі жаққа да ауадай қажет. Алыспай берілмейміз деген жергілікті команда екінші бөлімнен кейін сыр беріп, қонақтарды алға жіберіп алды. Бұл мүмкіндікті қалт жібермеген елордалықтар себетті дәлірек көздей түсіп,

 48:29 есебімен ойынды жеңіспен аяқтады.

Владислав Красножон, “Тигр” құрамасының ойыншысы, Астана қаласы:
– Әйтеуір 5 ойынның біреуінде басым түстік. Мен өзім дәл осы турнирде 3 жыл шеберлігімді шыңдап жүрмін. Өткен жылы үздік үштікті қорытындылауға бір ұпай жетпей қалған еді. Бұл жолы ресейлік құрамалар жақсы дайындалып келіпті. Бой беретін емес.

Келесі кездесуге дода көшбасшылары шықты. Ресейдің Екатеринбург қаласының құрамасы мен жергілікті “Барс” соңғы ойындарына дейін бір де бір ұпай жоғалтпай жеңіліссіз жетті. Қорытынды сында  қарсыластар өткір шабуылдармен бірінен соң бірі себетті босатпай қойды. Кездесу соңында қонақтардың қапысын тапқан петропавлдықтар 6 есеп айырмасымен турнир үздіктері атанды.

Артем Козыркин, “Барс” құрамасының капитаны, Петропавл қаласы:
-Жеңіс оңайлықпен келмеді. Қарсыластар жақсылап сайланып келді. Командалық ойын болғандықтан бір адамдай тартысқа түстік. Нәтижеміз жаман емес. Туған жерде жеңілуге құқығымыз болмады. Бапкердің бар тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, үмітті ақтай білдік.

Десе де жерлестерімізге босаңсуға әлі ерте. Бұл тек іріктеу ойындары. Алда Екатеринбург пен Челәбі қалаларында өтетін 2-3-ші турда ұпай еселеу қажет. Ресейде жалғасатын сайыстарда да мықтылықтарын дәлелдеу үшін шеңберлік айналымда әр құрама өзара 6 рет кездесетін болады.

 Жеңіс Ермұқанов