Мәдениет

Қарағанды театрының гастролі

Бұл жолы меймандар жергілікті қауымға «Француз некесі» спектаклін ұсынуды жөн көрген. Басты рольдердің бірін орындайтын Сергей Поповтың театр сахнасында өнер көрсетіп жүргеніне 6 жыл болған. Бүгін ол «полковник Обэннің» кейпіне енді. Сергей Попов талантты актер ғана емес, сонымен қатар тамаша орындаушы. Ол театр репертуарындағы спектакльдардың барлығына дерлік қатысады.

Полковник Обэн бейнесі – оның жанына жақын рольдердің бірі.

Сергей Попов, Қарағанды музыкалық комедия академиялық театрының актеры:
– Осындай рольдерді ұнатамын. Байсалды, жайбарақат рольде ойнағым келмейді. Мінез-құлықты танытатын рольдер актерлық шеберлікті шыңдай түседі.

Қарағандылық ұжымның қаламызға 2 күндік гастрольмен келуіне петропавлдық көрерменнің театр өнеріне деген ыстық ықыласы себеп болғанға ұқсайды.

Амантай Ыбыраев, Қарағанды музыкалық комедия академиялық театрының директоры:
– Петропавлдық көрермендердің өнер ортасы өте жақсы қалыптасқан. Бұл орта одан әрі қарай мәдени тұрғыда жақсы дами береді деген ойдамын. Біздің мақсатымыз да сонда, яғни еліміздің мәдени-рухани өмірін алға жылжыту.

Водевиль әзіл-қалжың мен сауық-сайранға құрылған. Спектакль көрермендің оң бағасына ие болды.

-Спектакль өте қызықты. Актерлар өте тамаша ойнайды
– Маған қойылым өте ұнады. Әсіресе актерлардың бірге орындаған әні. Жеке орындаудағы әндер де жақсы шықты.

Қарағандылық сахнагерлер жергілікті көрерменді алдағы уақытта да тың туындыларымен қуантуды жоспарлап отыр.

Әспет Әбдірешова