Қылмыс

Үш адамның қанын жүктеген қылмыскер ұсталды

 

 

 

Айғай-шудан оянған қыз бала үйдегі бөлмелердің бірінде анасы мен ағасының қанға боялған денелерін көрген. Ал үйге кіре берісте пышақ жарақатынан көз жұмған әкесін тапқан. Бұл кезде үйде бір белгісіз ер адам жүріпті, ол қызды көре сала үйден қашып кеткен. Зәресі ұшқан қыз бірден әжесіне хабарласқан. Қария балаларының үйіне фельдшерді шақыртыпты. Алайда жәбірленушілердің барлығы оқиға үстінде көз жұмған екен. Қылмыстық іс туралы естіген тәртіп сақшылары қаныпезердің ізін суытып алмас үшін шұғыл түрде әрекет етті. Полицейлер сезікті ер адамды бірнеше сағат ішінде құрықтады. Ол осы селодағы жартылай бұзылған ғимараттардың бірінде жасырынбақ болған. Ер адам өз айыбын толығымен мойындады.

Ғалым Байжанов, СҚО ІІД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
-Күдікті Көкшетау қаласының тұрғыны болып шықты. 1996 жылы бір қылмыс жасап, сотталған. Қанды оқиға болған күні ол араққа тойып алып, бұрынғы махаббатына барған. Әйелдің отбасын құрғанына талай уақыт болыпты. Кездесу осылай  аяқталған.

Сезікті жас кезінде жәбірленуші әйелмен көңілдес болғанын айтқан. Жақында ескі махаббатын Көкшетауда кездестірген екен. Сөйтіп олар телефонмен сөйлесіп, біраз уақыт байланыста болады. Шыдамы таусылған соң әйелдің үйіне келіп, күйеуімен осы мәселе жайында сөйлеспекші болған.
Қазір 45 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары барысында ер адамның жүйкесі жұқарып, дәрігерлердің есебінде тұрғаны белгілі болды. Оның тұрақты жұмыс орны жоқ. Қазіргі кезде бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.  Көз жұмған ерлі-зайыптылардың үш баласы жетім қалды.

Гүлден Сәрсенбаева