Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі

 

 

Жаз бойы бел жазбай, танап басында тер төккен ауыл еңбеккерлері ерледі. Оған жиналған рекордтық өнім дәлел. Биылғы астықтан пісірілген нандар ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып ұйымдастырылған “Береке бастауы” көрмесіне шығарылды.  Орақ науқанын қорытындылауға арналған  салтанатты шарада өңір жетекшісі Серік Біләлов ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бұл мерекені біз жоғары жетістіктермен қарсы алып отырмыз. СҚО – еліміздің негізгі астық өндіруші өңірі. Елбасының қолдауы және мемлекеттік көмек Қазақстанның еңбеккерлеріне мол астық өсіруге, оны жинап алуға мүмкіндік берді. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесінің құрметіне еліміздің диқаншылары рекордтық астық жинады. Сіздер еліміздің гүлденуі жолында болашақта да өз үлестеріңізді қосады деген сенімдемін.

Табанды еңбек пен ғылымды ұштастыра білген өңір  диқандары жиған 8 млн. 800 мың тонна астықтың 80 пайызы 2-3 сұрыпты. Аграрлы өңіріміздің бұл көрсеткіш  10 жыл бұрынғы жиналған өнімнен 5 есе артық. Бұл аймағымыздағы 653 серіктестік пен үш мыңнан артық шаруа қожалығындағы 20 мың ауыл қызметкерінің табысты еңбегінің нәтижесі.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Дәнді дақылдардың бұндай түсімділігі өңіріміздің тарихында бірінші рет болып отыр. Облыстың мыңнан артық шаруашылығы гектарына 30 центнерден жоғары өнім алды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі жыл басынан 320 млрд. теңгені құрады. Ал соңғы 10 жылда өндіріс көлемі алты есе, ал еңбек өнімділігі бес есе өсті.

Өңір басшысы өткен науқанда табысты еңбек еткен аудан әкімдерін алғыс хаттармен марапаттады. Биыл Тимирязев ауданындағы егін аса бітік шықты. Ондағы 24 серіктестік пен 200-ден астам шаруа қожалығындағы алқаптардың орташа гектар берекелігі 28,2 центнерден айналыпты. 221 мың Га   алқаптан 640 мың тонна бидай бастырылды. Өңір жетекшісі Тимирязев ауданының әкіміне автокөлік кілтін табыс етті.  Ғ. Мүсірепов ауданы еңбеккерлерінің де маңдай тері ақталып, жұмыстары жемісті болды. Аудан агроқұрылымдары биыл 1,5 млн тонна дән бастырған екен.

Марат Тасмағанбетов, Ғ. Мүсірепов ауданының әкімі:
– Бұл жетістікке үкіметтің көмегінсіз жетпес едік. Биыл ғана 1 млрд теңгенің субсидиясын алдық. Заманауи технология мен адал еңбектің нәтижесінде гектар берекелігі 40 центнерді құраған шаруашылықтар да болды. Алдағы уақытта да бізге артылған үмітті ақтауға аянбай еңбек ететін боламыз.  

Сондай-ақ өңір жетекшісінің құрмет және алғыс хаттары өз иелерін тапты. Олардың қатарында Жамбыл ауданынының “Атамекен Агро” ЖШС бригадирі Мұрат Әбілов бар. Оның бригадасына қарасты егінді алқаптың орташа гектар берекелігі 31,2 центнерді құрапты.  Соңғы 5 жылда облыс агроқұрылымдарына мемлекет 100 млрд. теңгенің субсидиясын бөліпті. Осының арқасында өңіріміздің алқаптарына 16 мың бірлік жоғары өнімді заманауи техника шыққан. Наурызбай Хасенов облыс әкімінің алғыс хатына ие болған үздік механизаторлардың қатарында. Кез келген техниканың тілін тауып жүрген М. Жұмабаев ауданының тұрғыны “Есіл” комбайынымен осы жолы 2300 тонна астық бастырыпты. Сондай-ақ салтанатты жиында еңбектері еленген диқандарға ҚР ауыл шаруашылығы министірлігінің кеуде белгілері, құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді. Мерекелік жиында мал шаруашылығының жетістіктері де айтылды. Бүгінде облысымызға шетелден 9 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілген. Жыл басынан 81 мың тонна ет, 510 мың тонна сүт өндіріліпті.  Бұл күні астықты өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер де ұмыт қалмай, құнды сыйлықтармен марапатталды.  Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне арналған салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Еліміздің танымал әншісі Батырхан Шүкенов диқандарға ән-шашуын сыйлады.

Жеңіс Ермұқанов