Қоғам

Антикоррупциялық форум

 

 

 

 

Тәуелсіздігін алып, дамудың даңғыл жолына түскен еліміз сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында батыл қадамдар жасап келеді. Қоғамдық індетпен күреске «Нұр Отан» партиясы да білек сыбана кіріскен.

Серік Біләлов, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:
-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күреске баса назар аударды. Жемқорлық – мемлекеттің дамуына кедергі індет. Сондықтан бұл істе «Нұр Отанға» жүктелген міндет зор. Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, ашық және әділетті жүргізілуі керек. Сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясының СҚО филиалы көп іс атқарды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаспақ.  

Облыс әкімі Серік Біләлов үстіміздегі жылы 69 жемқорлық әрекет орын алғанын атап өтті. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың 13 лауазымды тұлғасы заңбұзылықтарға жол беріпті.
Ал 2011 жылы жүргізілген түрлі тексерістердің барысында өңір прокурорлары жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзудың 3200 фактісін анықтаған. 96 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 15 адам прокурорлардың талабы бойынша қызметінен босатылды. Облыстың қаржы полицейлері жыл басынан 70 қылмыстық іс қозғаған. Құқық қорғау органдарына көмекке келген «Нұр Отан» партиясының жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің атқарған жұмысы да қыруар.

Серік Алмолдин, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы:
-Басқармалар мен өзге де мемлекеттік ведомстволардың жұмысын сараптаған кезде басшылар бізге жемқорлыққа қарсы жақсы жоспарларын ұсынып, жүйелі түрде есеп береді. Бірақ бұл жоспарлардың орындалғаны керек бізге. Сөзден іске көшу қажет. Алдымен бірінші басшылардың  жауапкершілігін арттырған жөн. Сонымен қатар мемлекеттік  қызметшілердің бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырған абзал.

Үстіміздегі жылы Тимирязев ауданында бір де бір сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелмеген. Атқарылған жұмыстар жайлы аудандық партия филиалының төрағасы баяндап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бүгінгі мақсат – көз қысты, бармақ бастылыққа барша ел тұрғындарын қарсы қою. Сондықтан, форумға жиналғандар барлық жұртшылықты бейжайлық танытпауға шақырды.

Батыржан Ашитов, “Нұр Отан” ХДП парламентаризм институтының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі:

-Қазанның 20-сында «Нұр Отан» партиясының ұсынысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық қозғалыс құрылды. Оны еліміздің кәсіподақтары федерациясы, Азаматтық альянс, ардагерлер кеңесі, жастар мен журналистердің бірлестіктері қолдады. Барлығы 3000-нан астам заңды тұлғалардың 2 жарым млн мүшесі қозғалысқа атсалысуда. Қозғалыстың көздегені – әлеуметтік мәселелерді қорғау, еркін бәсекелестікті қамтамасыз ету, бұқаралық ақпарат құралдарында насихат жүргізу. Ашықтық пен мөлдірлік – жемқорлықтың жауы. Бірақ, бұл бағытта халықтың қолдауынсыз жұмыс өнбейді.  
 
Жемқорлықпен күрес бағытында азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары молынан. Біреулер жемқорлықты қорқытып-үркіту арқылы емес, алдын алу жолымен жеңуді ұсынса, кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы жетілдіру қажет дейді. Сондай-ақ, Батыржан Ашитов жемқорлықпен күрес бағытында белсенді қызмет етіп келетін бірқатар нұротандықтарды құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және төсбелгімен марапаттады.
Жиын соңында форумға қатысушылар үндеу қабылдап, жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық қозғалыстың коалиция құру жөніндегі меморандумын қолдады.

Гүлмира Шоқтыбаева