ТКШ

Жаңа салынған жер үйді заңдастыру

 

 

 

Жер үй салғысы келетін азаматтардың көбі оны құжаттау барысында көп қателіктерге ұрынып жатады. Олар баспана тұрғызып, оның иесі атану үшін техникалық инвентаризация бюросынан техникалық паспорт алсақ жеткілікті деп есептейді. Алайда, тұрғызылған баспана толығымен сіздің меншігіңізде болсын десеңіз, үйді пайдалануға беретін акт қажет. Тек сол құжат қана сізге тұрғызған үйіңізді сатуға, есепке қоюға құқық береді. Десек те, бұл жұмыстың жартысы ғана. Ал актіні толық заңдастырғыңыз келсе әділет департаментіне апарып тіркеуге қоюыңыз керек.

Марина Байсалбаева, “Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі” ММ бастығы:
-Егер де құрылыс тіркелмесе, біз ол жерде үй жоқ деп ойлаймыз. Бірақ та, тексеріс жұмыстары барысында ол аймақтарда құжатта көрсетілмеген баспаналарды тауып алсақ, олардың иесін жазалайтын боламыз. Яғни, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 239- бабы бойынша 5-тен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл саламыз.

Үйді пайдалануға беретін актіні жасауға облыстық ТЖД мен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы қызметкерлері тікелей атсалысады. Олар баспана орналасқан жердің барлық талаптарға сәйкестігін тексереді. Тек содан кейін ғана рұқсат береді. Әрине, бұндай іс көп уақытты алатыны да белгілі. Сондықтан Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары актіні толтыру жұмысын өз қолдарына алды.

Марина Байсалбаева, “Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі” ММ бастығы:
-Актіні құру ісі айлап шешілуі мүмкін. Оған көбінің шыдамы да жете бермейді. Сол себепті біз ағымдағы жылдың соңына дейін халыққа өзіміздің атымыздан бір көмек көрсетуді ұйғардық. Енді актіні толтыру үшін ТЖД мен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығына барудың қажеті жоқ. Бізге келсе жеткілікті. Аталған екі мекеменің рұқсатын өзіміз алып береміз.

Бұл көмек түрін пайдаланып қалғысы келетіндерге асыққан абзал. Өйткені осындай жеңілдік үстіміздегі жылдың соңына дейін ғана берілмек.

Гүлден Төлеген