Көлік және жолдар

Петропавл көшелері қардан тазартылуда

Қараша айы басталғалы қалың қар түсіп, жолдағы қозғалыс қиындай түсті. Сондықтан қалалық коммуналдық қызмет өкілдері тазалау жұмыстарын күні-түні үзбей жүргізуде. Әзірге,  қалың қардан орталық көшелер ғана арылып үлгерді. Шеткей аудандар өздерінің кезектерін күтуде.

 

Ғали Абдрашев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекші маманы:
-Қар шығарумен 5 ЖШС айналысады. Олар –  “Су 808”, “Благоустойство-Север”, “Ашық аспан”, “Универсал” және “Коммунстрой сервис”.
Қаламыздағы қарды сыртқа шығару ісімен 130 машина айналысады.

 

Қар тазалауға  25 техника жұмылдырылыпты. Атап өтетіні, жиналған  қар Жұмысшы кентіндегі белгіленген аймаққа ғана төгілуі тиіс. Бұндай қатаң талап коммуналдық кәсіпорындарға ғана емес, жалпыға бірдей қойылады. Ал тәртіп бұзушылар ҚІІБ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орталығы қызметкерлерінен жасақталған мобильдік топ алдында жауап береді.

Ғали Абдрашев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекші маманы:
-Қалалық мекемелерге айтатын жағдай, қарды көрінген жерге тастамай, Жұмысшы кентіндегі қар төгетін орынға апару керек. Оны істемеген жағдайда айыппұл саламыз. Рейд барысында 2 мекемені ұстап алдық. Олар қарды заңсыз жерге үйген. Оларға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Қалай десек те, барлығының соңынан бақылап отыру қиын. Сондықтан қардың белгіленген жерге жеткізілуі әр адамның ар-ұятына байланысты.

Андрей Курбатов,  жұмысшы:
-Әрине, қарды қаланың сыртына шығарып отыру керек. Көбі өз үйінділерін Есіл жағасына тастайды. Ол дұрыс емес. Суды ластайды ғой.

Жұмысшылар жол шетінде кептетіліп қалған қарды күрекпен қырып тазалауда. Бұл шаруаның барлығын   техниканың көмегімен тындыру мүмкін емес дейді мамандар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, сондықтан бұл істе тұрғындар белсенділік танытса дейді.

Гүлден Төлеген