Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Мұнаймаштың» мерейтойы

 

 

 

«Мұнаймаш» зауытының алғашқы цехтары Ұлы Отан соғысы жылдарында іске қосылған. Бейбітшілік орнағаннан кейін де кәсіпорын ел игілігіне қызмет етті. Ал тәуелсіздік жылдары «Мұнаймаш» металл өндіру, өңдеу және мұнай-газ саласына қажетті құрылғыларды шығарудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болды. Еліміздегі мұнай игеретін ұңғымалық сорғыштарды шығара бастады. Мемлекеттің қолдауының арқасында компания зор нәтижелерге жетіп, өндірісті күшейте түсті. Мерейтой иелерін бұл жетістіктерімен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов , СҚО әкімі:
– Құрметті салтанытты жиынға қатысушылар! Қазақстан Республикасының Перезиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына ерекше назар аударған болатын. Бүгінгі күні «Мұнаймаш» зауыты  – өңірімізде машина жасайтын ең ірі кәсіпорындардың бірі. Еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа амандық, бақыт тілеймін!

Кәсіпорынның даму, өркендеу жолындағы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін 10 қызметкер облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Ал өмірінің талай жылын зауытқа арнаған 2 ардагерге ақшалай сыйақы табыс етілді.

Мырзатай Баймақанов, ҚР өндірісіне еңбек сіңірген қайраткер:
-Бұл зауытта менің істегеніме 45 жыл толып отыр. Өзімнің туған үйімдей. Мерейтоймен құттықтаймын.

Нарыққа шығарылатын өнімнің сапасы әр қызметкердің жұмысына тікелей қатысты. Сондықтан бұл күні бір де бір зауытшының еңбегі елеусіз қалмады. Салтанатты жиында «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрмет грамоталары мен «Қазақстан инжиниринг ҰҚ» АҚ алғыс хаттары да өз иелерін тапты. 70 жылдық тарихы бар зауытта бір жанұя мүшелерінің еңбектенуі сирек емес. Яковлевтер әулеті – солардың бірі. Кәсіпорындағы еңбек жолын 1946 жылы бастаған Геннадий Яковлевтің ісін қазіргі таңда ұлы мен немересі жалғап келеді.

 Василий Яковлев, «Мұнаймаш» АҚ жұмысшысы:
– Мен зауытта 1967 жылдан бері еңбектеніп келемін. Ол кезде кәсіпорын «Атқарушы мехнизмдер зауыты» деп аталған еді. Әкемнің жолын қуып осы саланы таңдадым. Енді қазір өзімнің ұлыммен бірге жұмыс істеймін.

Зауыт ұжымы қондырғыларды жаңартып, өндіріс қуатын арттыруға ерекше назар аударуда. Бұл мақсатта биыл 1,5 млрд теңгенің жобасы қолға алынды. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама  да қарқынды жүзеге асырылуда.

Сергей Григоренко, “Мұнаймаш” АҚ басқарма төрағасы:
– Зауыттың 70 жылдық мерейтойы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Кәсіпорын мемлекет қолдауының арқасында әрдайым жаңарып, алға басып келеді. Оған алғысымыз шексіз.  )

«Мұнаймаш» АҚ 70 жыл ішінде бағындырған асулары аз емес. Алайда олар ең ірі бастамалардың алдағы уақытта жүзеге асарына сенімді.

Инеш Шоқақова