Бизнес және экономика

Кәсіпкерлік апталығы

Жаһандық кәсіпкерлік апталығы – бизнес саласындағы жаңа идеяларға шабыт беретін халықаралық қозғалыс. Елімізде орта және шағын бизнесті дамыту бүгінде үкіметтің негізгі басымдықтарына ие. Бұл бағытқа аса ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Аймағымызда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мәселелер бойынша ашық есік күні өткізіліп, оған жергілікті бизнес өкілдер қатысуға мүмкіндік алды.

Арман Өтегенов, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:

 

– Апталық БҰҰ мұрындық болуымен өтіп жатыр. Осы аралықта бизнес өкілдеріне тегін кеңестер беріліп, көмек көрсетіледі. Сондай – ақ кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан жобалардың тиімділігі түсіндіріледі.

«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асуда. Ол аймақтық бизнесті экономиканың басымдыққа ие салалары бойынша қолдап, елдің 2010-2014 жылдар аралығында Үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың  тиімді тетігіне айналды. Өңірімізде осы бағдарлама аясында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы қарқынды жұмыс атқарып келеді. Биылғы жылы олар 9 инновациялық жобаны жүзеге асырған.

Елена Ахметжанова, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім бастығы:

-«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының аясында индустриялық, инженерлік, инновациялық бағыт бойынша жұмыс атқарып келеміз. Сондықтан кәсіпкерлеріміз мемлекеттік бюджет есебінен бөлініп отырған қаражатқа, су, электр желілерін, темір жол тұйығын салуға мүмкіндік алады.

Бүгінгі күні кәсіпкерлерді толғандырып жүрген мәселелер аз емес. Осы шара арқылы олар өздерін мазалаған сұрақтарына тұшымды жауап алды. Бизнесті дамытуға арналған түрлі ақпараттық анықтамалармен танысты.

 Сәуле Макина, «Макина С.К.» ЖК директоры:

-Қазіргі таңда Қазақстан әлемдік стандарттарға бейімделіп келеді. Сондықтан осы іспеттес шаралар жиі ұйымдастырылып отырса жақсы болар еді. Кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған азаматтардың қатары толығып келеді. Олар да міне, өткізіліп отырған басқосу арқылы пайдалы ақпарат ала алды деген сенімдемін.

Осы сынды шараларды республикалық апталық аясында қалада ғана емес, аудан орталықтарында да өткізу көзделіп отыр.

Жандос Наурызбаев