Энергетика

Энергия үнемдеу – тариф саясатының басым бағыты


 

Еліміздің комуналдық кәсіпорындары ұсынатын қызметтердің 20 пайызы далаға кетеді екен. Еуропа елдерінде мұндай шығындар не бары 5-6 пайыздан аспайтын көрінеді. Ысыраптың орнын толтырып қызмет сапасын арттыру үшін елімізде  2020 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, энергия, ресурс үнемдеу бағдарламалары қолға алынған. Осының нәтижесінде 2010  жылы ғана 250 млн. кВт.сағат электр энергиясы мен 62 мың тонна көмір, 63 мың тонна жанар-жағар май үнемделіпті. Бұл тұтынушылардың 3 млрд теңгедей қаражаты өз қалталарында қалды деген сөз.

Нұрлан Алдабергенов, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:
-Бұл үнемдеу екі жолмен келген. Біріншіден дифференциалдау тарифіне көшу. Заңды тұлғалар тәулік бойынша сараланған тарифтер арқылы есеп айырысады. Ал жеке тұлғалар күндізгі және түнгі тарифтер бойынша өтейді. 70 кВТ артық энергия пайдаланған тұрғынның төлемі өсіріледі. Сондай-ақ есептегіш құралдарының орнатылуы да бұған сеп болды. Жылу магистралдары, су құбырлары мен электр желілерінің жаңартылуы да шығынды әлдеқайда азайтты.  

Солтүстікқазақстандық тұтынушылардың 80 пайызы ыстық, суық су және 21,7 пайызы жылу есептегіш құрылғыларымен қамтылған. Осылайша жабдықталу мен жаңа тарифтер қабылданғалы өңірімізде өткен жылы 30,5 млн теңгегенің электр энергиясы үнемделген екен. Биылғы 9 айдың ішінде ол сома 23 млн теңгеден асып кетіпті.

Нұрлан Алдабергенов, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:
-Біз осы өңірде жаңашылдықтардың тиімділігін зерттеп көрдік. Петропавл қаласында есептегіш құралдары бар үш бөлмелі пәтерде үш адам тұрсын дейік. Олар ауыз суды 922, жылу энергиясын 350 теңгеге есептегіш құралдары орнатылмаған жанұядан кем тұтынатындығы анықталды. Оған жаңа электр тарифі көмегімен әр жанға шаққанда 59 теңгеден үнемделген қаржыны қосқанда ол отбасы орта есеппен 1744 теңгені өз бюджеттерінде қалдырады.  

Мамлют ауданында бұл бағытта тың өзгерістер байқалуда. Ауданның су тұтынушылары биылдан дифференциалдау тарифіне көшіріліпті.

Мұхтар Мұхтаров, “Коммунсервис” МКК директорының міндетін атқарушы:
– Дифференциалдау тарифіне көшу жеке тұлғалар үшін аса сезіле қоймады. Бүгінде қарапайым тұтынушылар судың текше метріне 150 теңге шығынданады. Ал заңды тұлғалар болса сол суға 252 теңге төлейтін болды. Бірден 75 пайыздық өсім олардың сәл қалталарын қағатыны анық. Содан болар халық судың да сұрауы бар екенін түсініп, ысырап қылмауға тырысады. 

Мамлют ауданына қарасты 8 елді мекенге ауыз суы жеткен. Республикалық қазынадан бөлінген 820 млн теңгеге 56 шақырымнан астам таза ауыз су таратқыш құбыр салыныпты.

Қанат Қалиев, Мамлют ауданының әкімі:
-7 ауылда локалды тартылған жер асты суларын тазартатын құрылғылар орнатылды. Краснознаменск, Вагулино, Беловка ауылдарына әбден тозған 23,1 шақырым су құбыры жаңасына алмастырылды. 4 су таратқыш қондырғы толығымен күрделі жөндеуден өтті.  

Осылайша бүгінде мамлюттіктердің 96 пайызы тәулік бойы таза ауыз сумен үздіксіз қамтылыпты.

Төлеген Омаров, Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– ҚР 20 жылдығы қарсаңында аудан бойынша көп мемлекеттік бағдарламалар орындалуда. Мәселен, ауыз су туралы айтатын болсақ, биыл Мамлют ауданының тұрғындары қуанышты, су бар. Су жақсы деп бәрі рахметін айтып жатыр.

Жиын соңында ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы өңірімізде биыл жеке тұлғалар үшін электр энергиясы мен суға енді үш деңгейлі сараланған тариф енгізуге дайындық жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Онда ардагерлер мен мүгедектер, жалғыз басты тұтынушыларға жеңілдіктер қарастырылатын болады.

Жеңіс Ермұқанов