ТКШ

ТКШ жаңғырту бағдарламасының Петропавлда жүзеге асырылуы

 

Тозығы жеткен су құбырлары мен кәріздерді жөндеудің кезі жетті. Бұл 2020 жылға дейін жоспарланған «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасының бірінші бағыты болып табылады. Оның аясында өңірімізде 2,5 млрд теңге көлеміндегі 5 инвестициялық жоба қолға алыныпты.

Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
– Оның арқасында 50 шақырым су құбыры желілерінің құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Аққайың ауданы Қиялы ауылынан Тайынша қаласына дейінгі жалпы ұзындығы 42,4 шақырым су таратқыштың құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ облыс орталығындағы кәріз жүйесі мен тазарту құрылғыларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Бағдарламаның келесі бағыты – көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Облыс орталығында 1035 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 346-сы күрделі жөндеуді қажет етеді. Негізінен пәтер иелерін үй шатырының жағдайы, жылу жүйелері мен жедел сатыларды қалпына келтіру мәселелері мазалап отыр.

Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
– Қазіргі таңда 25 көпқабатты үй тұрғындары 219,3 млн теңгенің келісімшартына қол қойды. 154,7 млн теңге көлеміндегі қаражат игерілді. Ал жағдайы келмейтіндер үшін әлеуметтік көмек қарастырылған. Оған үстіміздегі жылы 277 пәтер иелері жүгінді. Жоба-сметалық құжаттарға сәйкес әр үйдің тұрғыны ай сайын қанша қаражат төлейтіні белгіленбек.

Мәселен, Мир көшесі, 110 мекен-жайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары пәтерінің әр шаршы метріне ай сайын 67 теңгеден төлемек. Келісімшарт 7 жылға жасалыпты. Дегенмен талай жылдан бері жөндеу көрмеген баспаналарын қалпына келтіруге әлі де ниет танытпай отырған тұрғындар баршылық.

Инеш Шоқақова