Құқық қорғау органдары

Полиция пункті жаңа қонысқа көшті

 

1-ші  аймақтық полиция бөлімі облыстық аурухана маңында орналасқан. Бұл аудан бекер таңдап алынған жоқ. Себебі, қаламыздың дәл осы нүктесі аса үлкен бақылауды қажет етеді. Бұл учаскеге 5 білім, 2 денсаулық сақтау мекемесі, 25 кәсіпорын, 61 дүкен, 37 мейрамхана мен дәмхана қарайды. Жаңа орталықты ашу үшін қаражат қалалық бюджеттен бөлінді. Атап өтетіні, инспекторлардың қазіргі жұмыс орны керек-жарақтың барлығымен қамтылған.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Бүгін ІІБ осындай ғимарат алып бердік. Бұл бұрыннан бері тұрған мәселе еді. Олар ыңғайсыз жерде тұрған. Сондықтан осындай шешім шығардық.

Өкінішке қарай, қаламызда жаңартуды қажет ететін аймақтық бөлімдер аз емес. Бүгінгі таңда 2-ші аурухана жанындағы шағын нысанда жұмыс істеп жатқан 9-шы пункт те жаңа ғимаратқа көшіруді қажет етеді. Полиция ардагерлері жаңашылықтар қылмыспен күресті күшейтуге септеседі дейді.

Валерий Вернигоров, ҚІІБ ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Мұндай өзгертулер инспекторлардың да жұмысына өзгешеліктер енгізеді деп ойлаймын. Енді олардың өз жұмысына деген ынтасы да арта түспек. Қалай болғанда да инспекторлар халыққа жақын жерде орналасуы керек қой.

1-ші аймақтық пункт орналасқан ауданда 31 жеке пәтер иелері кооперативі бар. Олардың төрағалары мен төрайымдары тәртіп сақшыларының халық көп шоғырланған жерге жақынырақ көшкендерін дұрыс деп отыр.

Рашида Морозова, “Мир-2” жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
-Бұрын біздің пункт “Созвездие” мейрамханасы жанында болған еді. Ол жерге жету қиын болатын. Сондықтан біз инспекторларымыздың жаңа жерге көшкеніне қуанып тұрмыз.

1-ші аймақтық пунктте қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті  6 инспектор қадағалайтын болады. Олар осы шағын ауданда тұратын 25 мың адамның амандығына жауап бермек.

Гүлден Төлеген