Мәдениет

Михаил Аверинді еске алу кеші

 

 

 

Жазушы, драматург, өлкетанушы, журналист Михаил Аверин артында талай құнды еңбек қалдырған. Ол негізінен проза жанрында қалам тартқан. Туындыларының басты тақырыбы – туған өлке табиғаты мен жерлестерінің тыныс-тіршілігі.

Ольга Сысоева, С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапхананың бас библиографы:
– Жазушы Қызылжар ауданы Пеньково ауылында тұрған. 25 жыл бойы кинотеатр саласында еңбектенді. Оның құндылығы зор шығармаларын жұртшылық әлі күнге дейін зор ықыласпен оқиды.

Жазушыны еске алуға арналған әдеби кешке әріптестері, достары, шығармашылығын сүйіп оқитын қауым мен туған-туысқандары жиылды. Елена Мещеркина әкесінің әрдайым ізденісте болып, тыным таппай еңбектенетіндігін ерекше есінде сақтапты.

Елена Мещеркина, жазушының қызы:
– Мен өз әкемді мақтан тұтамын. Ол өте еңбекқор болатын. Қолға алған әр бастаманы зор жауапкершілікпен аяғына дейін жеткізетін. Біздің бойымызда да осындай қасиеттерді тәрбиеледі.

Жерлес жазушы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Мұны автордың «Есіл жағалауында» , «Кешіріңдер, тырналар» атты туындыларынан анық аңғаруға болады.

Қайролла Мұқанов, Қазақстан журналистер одағының мүшесі:
– Ол өңіріміздің табиғаты жайлы көп жазды. Өмірінің соңғы жылдары «Простите нас, журавушки» деген кітап шығарды. Ол кезде табиғатымызда сондай құстар құрып бара жатқан еді.

Михаил Авериннің шығармашылығы өскелең ұрпақтың бойында патриоттық  сезім ұялатып, рухани және тарихи құндылықтарды қастерлеуге баулитыны анық.

Инеш Шоқақова