Өнеркәсіп

Инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысы

 

 

 

2014 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың алғашқы бес жылдығы. Бағдарламаны іске асыру арқылы ұлттық экономиканы әртараптандырып, жаңғырту көзделген. Біздің облыста бес жыл ішінде 30,6 млрд. теңгеге бағаланған 24 жоба жүзеге асырылмақ. Айту керек, облысымыз аграрлық өңір болғандықтан басымдық агроөнеркәсіп кешеніне беріліп отыр. Он жоба өткен жылы жүзеге асырылды. Бүгінде бұл өндіріс ошақтары талапқа сай жұмыс істеп жатыр. Ал биылға іріктелген он жобаның бүгінде тоғызы іске жаратылған.

Арман Өтегенов, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:
– 4 жоба Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, Жамбыл және Тимирязев аудандарында агроөнеркәсіп кешенінде жүзеге асырылды. 1 жоба тамшылап суару технологиясын ендіру бойынша Тайынша ауданында және төрт жоба жаңа нысандарды құру. Олардың ішінде Жамбыл және Аққайың аудандарында элеваторлар іске қосылды. Есіл ауданында макарон кешені және Қызылжар ауданында асыл тұқымды репродуктор құрылды.

Бір жоба жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ. “Тайынша-Астық” шаруашылығында сүт кешенінің екінші кезегі іске қосылады. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама өз жемісін бере бастады дейді мамандар. Мәселен, үстіміздегі жылдың тоғыз айында өңір кәсіпорындары 77 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 пайызға артық. Оның ішінде қайта өңдеу өнеркәсібінде өсім 6,6 пайызды құрайды.
Алдағы үш жылда тағы төрт жоба қолға алынбақ.

Арман Өтегенов, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:
-2012-2014 жылдары 4 жоба іске асырылады. “Петерфельд-Агро” серіктестігінде ет фермасы, “Зенченко и К” коммандиттік серіктестігінде – сүт кешені, “Сырымбет” АҚ – тау-кен жобасы және “Наурыз -2030” ЖШС – жылыжай кешені жаңғыртылады.

Тағы бір маңызды жайт, аталған бағдарламаны орындау нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылады. Облыста 2014 жылға дейін 3200 жаңа жұмыс орны пайда болмақ.

Айымгүл Әбілева