Аптадағы маңызды жаңалықтар

Энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспары

 

Еліміз тұрғын үй-коммуналдық саласында энергия үнемдеу бағытында біршама алға шықты. Ендігі кезекте, бұндай ауқымды жұмыс өнеркәсіп саласында жүргізілгені абзал. Бұл бағытта еліміз Германияның тәжірибесіне арқа сүйеуді құп санаған. Республика көлемінде «Казцинк» және жергілікті «ПЗТМ» зауыттарына жүргізілген энергетикалық аудит электр қуатын жұмсауды 40 пайызға дейін төмендету мүмкіндігі бар екенін көрсеткен. Әзірге мұндай көрсеткішке Германия кәсіпорындары шығып отыр. Ал бірқатар Еуропа елдерінде энергия пайдалану не бары 24 пайызды құрайды. Республикалық жетекші 15 кәсіпорын осы күні электр қуатының 72 пайызын тұтынады. Кәсіпорындар пайдаланатын энергияның 35 пайызы тау-кен өндірісінің үлесінде. 2015 жылы Қазақстан бұл бағытта 10 пайыздық үнемдеуге қол жеткізуі тиіс. Нәтижесінде ел қазынасына түсетін  салмақ 200 млрд теңгеге азайып, жылына 16 млрд киловат- сағат электр қуаты, 11 млн гигакалорий жылу және 7 млн тонна көмір үнемделеді. Ал онжылдықтың соңында энергия үнемдеу 20 пайызға жетеді деп күтілуде. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бұл жобаны үкімет басшысына таныстырып, оның қолдау табатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, энергия үнемдеу қорын ашу көзделіп отыр. Алайда бұл да алдағы күннің еншісінде. Аталмыш қорға энергетика саласының салығын , т.б. жинау қарастырылыпты. Кәрім Мәсімовке таныстырылған тағы бір жоба – индустриялық жобаларды тіркеп, қадағалау кеңсесі. Электрондық кеңсе алдағы жылдан жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Министрлік желтоқсанға дейін барлық өңірлерді жаңа өніммен таныстырған соң, іске кірісуге дайын отыр. Бағдарламаға кірген индустриялық -инновациялық жобалар үнемі қадағалауда болады. Бүгіннің өзінде картаға кірген 609 кәсіпорындағы жұмысты бақылап, мониторинг жасау қиын соғуда. Ал жаңа кеңседе атқарылып жатқан жұмыстың барысы, туындаған қаржылық және басқа да мәселелер тиісінше қызыл, жасыл, сары түстермен белгіленіп, дабыл беріп тұрмақ. Электрондық жаңашылдық жобаны ұсынған тарапқа да мемлекеттік органға да тиімді. Әр өңір жаңадан туындаған жобаларды осы кеңсе арқылы тіркеп, іске қоса алады. Жиын соңында облыс әкімі таныстырылған жобалар бойынша жергілікті жерде тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Энерготиімділікті арттыру жөніндегі кешенді жоспар 2015 жылға дейін жасалған. Сондықтан оны түпкілікті зерттеп, өзіміздің ұсыныстарымыз бен ескертулерімізді қосуымыз қажет. Сондай-ақ, жүйе құрушы кәсіпорындарды модернизациялау бағдарламасы аясында жергілікті жерде «Қазақстан инжиниринг» компаниясына кіретін зауыттардың жұмысын сараптау қажет. Жобалық кеңсенің жұмысымен де жақсылап танысып, нақты әрекетке көшкен абзал.

 
Гүлмира Шоқтыбаева