Еліміздегі ұлт пен ұлыс бірлігі мен келісімінің айқын айғағы – № 17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені. Оқу орнында 11 ұлттық бөлімде екі жүзден астам оқушы білім алуда. Мұнда түрлі ұлт өкілдері ана тілдерін оқып, халқының әдеп-ғұрпын танып білу мүмкіндігіне ие. Тұрақтылық, бейбітшілік және келісім – қазақстандықтардың баға жетпес құндылықтары. Бұл біздің егемендігіміздің жемісі. Еліміздің жиырма жылдағы толағай табыстарын сенаторлар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының активімен өткен кездесуде әңгімеледі. Осы азғана уақыт ішінде халқымыздың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты, мәдени, рухани келбеті бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтерілді. Барша қазақстандықтар өзге елдермен терезесі тең, алдына айқын мақсат-міндет қойған демократиялық мемлекет құрды. Әлбетте, мемлекет басшысының көреген жетекшілігімен.
Еліміздің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді. Мұны Сенат депутаттары айырықша атап өтті. Бүгінде еліміздегі бірегей институт өркениетті әлемге өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді. Түрлі ұлт өкілдерінің достық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған жүйелі саясатымыз бүгінде халықаралық қауымдастықта құрметке ие. Ал тұрақтылық пен келісім – бұл күн сайынғы үлкен жұмыс, оны жылдан-жылға, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіп жалғастыру қажет. Бұл ретте Ассамблеяға ұлттық бірлікті нығайтуда үлкен міндеттер жүктелген. Бірегей институт ел тәуесіздігінің 20 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге белсене қатысуы тиіс деп атап өтті халық қалаулылары. Сондай-ақ Ассамблеяға еліміздің табыстарын насихаттау, таяудағы онжылдыққа арналған міндеттерді түсіндіру жүктеледі. Мемлекеттік тілді дамыту маңызды басымдық болып қала береді.
Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысуымыз қажет. Қазқ тілін оқып-білу – біздің парызымыз. Жастарымызды баулу қажет.
Сенаторлар бұл күні сондай-ақ Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттерімен кездесті. Жиында мемлекет басшысы айқындап отырған мақсат-міндеттер сөз болды. Оларды орындауға ел жастары белсенді жұмылуы тиіс. Күннің екінші жартысында Сенат депутаттары “Зенченко и К” командиттік серіктестігінде болды. Олар кәсіпорынның метериалдық-техникалық базасымен танысты. Бүгінде мұнда сүтті бағыттағы 1000 бастан артық сауын мал күтіп-бағылуда. Олар тәулігіне 10 тонна сүт береді. Сондай-ақ депутаттар кәсіпорынның техникаларын да көрді.
Айымгүл Әбілева