Қоғам

«Ботақанды» оқушыларды тамақтандыру жайы толғандырады

Петропавл мектептерінде оқушылардың асын ұйымдастыратын кәсіпкерлер «Ботақан» қоғамдық бірлестігіне бірігіпті. Бәріміздің мәселеміз ортақ дейді бірлестік мүшелері. Сондықтан бүгін олар арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырып, кездесуге қалалық білім бөлімінің мамандарын, прокуратура мен балалар құқығын қорғау департаментінің өкілдері мен депутаттарды шақырған.

Назипа Тілемісова, «Ботақан» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

-Біздің проблемаларымыз ортақ. Оларды шешу үшін осы мамандарды шақырттық. Ортақ келісімге келеміз деген ойдамыз.

Кәсіпкерлердің айтуы бойынша, ең басты проблема тендер өткізген кезде туындайтын көрінеді. Талап бойынша төмен баға ұсынғандар байқауда жеңіске жетеді дейді олар.

Назипа Тілемісова, «Ботақан» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

-Бұл жұмысты білмейтіндер қазір қатысады тендерге. Үкімет бір балаға 160 теңге берсе, олар 80 теңгеге дейін төмендетіп отыр. Ал сексен теңгеге қазіргі заманда балаға дұрыс тамақ бере алмайсың.

Жиында тараптар мектепте балалардың тамағын дұрыс ұйымдастыру, сапасын көтеруге қатысты мәселелерді талқылады. Олар ортақ шешім табамыз деген сенімде. Жалпы бүгінде облыс орталығындағы мектептердің тоқсан сегіз пайызында оқушыларды тамақтандыру ұйымдастырылған.

 Айымгүл Әбілева