Құрылыс

Электрондық қызмет

 

 

“Электрондық үкімет” порталының артықшылығы – түрлі әлеуметтік қызметтерге үйдегі ғаламтор арқылы жүгінуге мүмкіндік береді. Яғни, салық төлеу, айыппұлдарды өтеу немесе түрлі анықтама қағаздарын алу жұмыстарын енді осы порталдың көмегімен атқаруға болады.

Виталий Сосновский, СҚО халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы:
-Салықтық қызметтерді атқару үшін сіздің банктегі шотыңыздың нөмірін аламыз. Сонда ғана салық төлеуші портал арқылы барлық төлемдерді орындай алады. Тек ол қызметтер үшін 2 пайыз көлемінде төлемақы алынады.

Порталға кез-келген азамат қосыла алады. Тек арнайы кілті болуы керек. Ал ол үшін төлқұжатындағы жеке сәйкестендіру нөмірі қажет. Онсыз жаңа жүйеге кіре алмайсыз.

Әлия Мұстафина, СҚО ІІД Петропавл қалалық ІІБ көші-қон полициясы бөлімінің бас маманы:
-Жеке сәйкестендіру нөмірлеріңізді тезірек алуға асығыңыздар. Себебі, жаңа жылдан бастап сіздер еш қызмет түрін пайдалана алмайсыздар. Соның ішінде порталға қосылу мүмкіндігінен де айырыласыз. Халыққа қызмет көрсету орталығына келсеңіздер,  біз сіздерге аз уақыт ішінде құжаттарыңызды дайындап береміз.

Болашақта порталдың мүмкіндіктері кеңейтіледі деп жоспарлануда. Атап айтсақ, ендігі жылдан бастап халық коммуналдық қызмет ақысын да үйде отырып төлейтін болмақ. Қаламызда жаңа порталға қызығушылық танытушылар қатары қалың болып шықты.

-Мен осы порталға кеше ғана қосылдым. Меніңше бұл жүйе қазіргі заман адамдарына ыңғайлы етіп құрылған. Барлық қызметтерді үйде отырып жасауға болады.
-Меніңше өте жақсы сияқты. Кезекте тұрмай, салықты үйден төлесең тамаша емес пе?

Жаңа жүйенің мүмкіндіктерімен жақынырақ танысқысы келетіндер халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілетін оқыту семинарларына қатыса алады.

Гүлден Төлеген