Еліміздің Қарулы күштері қатарына шақырылып, отан алдындағы міндетін өтеуге бұл жолы 21 солтүстікқазақстандық аттанбақ. М.Жұмабаев ауданына қарасты Булаев қаласының тұрғыны Асхат Қыраубаев – солардың бірі. Ол өзінің азаматтық борышын абыроймен атқаратынына нық сенімді.
Асхат Қыраубаев, әскер қатарына шақырылушы:
– Әскерде өзімнің азаматтық міндетімді өтеуге қуана бармақпын. Ол Отан алдындағы парызымды орындаумен қатар тұрақты жұмысқа орналасуға да сеп болады деп ойлаймын. Университетте жоғары білім алдым. Енді әскерден келген соң, қалаған жұмысыма орналасамын деп сенемін.
Әскер қатарына шақырылушылар алғашқы 6 ай бойы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімде оқу-жаттығудан өтпек. Олар арнайы талаптар бойынша іріктеліпті. Бұл тұста болашақ сарбаздың спорттық дайындығы мен білімі де ескерусіз қалмақ емес.
Марат Айдарұлы, 30212 әскери бөлімнің рота командирінің орынбасары:
– Негізінен балалар 18-20 жас аралығында. Жоғары және орта білімді. Біз Петропавлға жылда келеміз. Болашақ сарбаздар өздерінің күш-жігерлерімен ерекшеленеді.
Кезекті әскер қатарына шақыру науқаны басталысымен өңіріміздің 300-ге тарта сарбазы еліміздің қарулы күштері қатарын толықтырған.
Александр Степанов, СҚО Қорғаныс департаменті бөлімінің бастығы:
-Жыл басынан біз республикалық гвардияға – 15, ҚР Қарулы күштеріне – 250, Төтенше жағдайлар бөлімшелеріне 25 сарбаз аттандырдық. Өңірімізде моральдық жағынан мықты сарбаздар дайындауға аса көңіл бөлінеді. Ол үшін барлық жағдай жасалған.
Болашақ сарбаздың ендігі міндеті 1 жыл бойы өз борыштарын абыроймен атқарып, еліне адал қызмет ету.
Инеш Шоқақова