Билік

“ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энергоэкологиялық стратегиясы”

 

 

Өзінің кезекті туындысында Н.Назарбаев ғаламдағы энергоэкологиялық жағдай мен оның ХХІ ғасырдағы өзгеруін барынша зерттей келе, энергоэкологиялық стратегияны жүзеге асырудың жолдарын қарастырған. Бұл қазіргі таңда барша әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселелердің бірі.

Анатолий Спицын, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясының профессоры:
– 2007 жылдың 25 қыркүйегінде Елбасы БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында жаһандық энергоэкологиялық стратегия құру жөнінде ұсыныс жасап қана қоймай, оны жүзеге асыру жолдарын айтқан болатын. Аталмыш мәселе 2012 жылы «РИО-20» тұрақты даму бойынша дүниежүзілік саммитте  талқыланбақ. Бұл Елбасының ең ірі бастамаларының бірі.Сондықтан болашақтың геосаяси құрылымында өзіндік орны болады деп ойлаймын.

«Қазақстан жолы», « Нарық және әлеуметтік-экономикалық даму», «ХХІ ғасыр табалдырығында». Елбасының жаңа кітабы осы еңбектердің  жалғасы болмақ. Мұны өз сөзінде облыс әкімі Серік Біләлов атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– 20 жыл ішінде мемлекетіміз тұрақты экономиканы қалыптастырудың қиын кезеңін бастан кешірді. Осы уақыт ішінде Елбасының нақты шешімдерінің арқасында елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірі оң бағытта өзгерді. “Қазақстан-2030” бағдарламасында Президент елдің энергетикалық ресурстарының дамуына ерекше назар аударған. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның ғана емес, барша әлемнің мәселелеріне алаңдаушылық танытады.

Елбасының жаңа еңбегі бұған дәлел. Монографияда Қазақстан, Ресей ғалымдары мен осы сала мамандарының пікірлері тиімді қолданылған. Сондай-ақ дамудың ғаламдық энергетикасын құрудың тың әдістері көрсетілген. Ғалымдар мен халық қалаулылары бұл еңбектің жазылу стилі мен қалың оқырманға жеткізілу тілі ерекше дейді.

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Кітап мазмұны жағынан академиялық сипатта жазылған. Ол оқырманға түсінікті, қолжетімді мазмұнымен ерекшеленеді. Оны ЖОО экономикалық, экологиялық факультеттерінде ғана емес, әртүрлі бағыттар бойынша қолдануға болады деп ойлаймын.

ҚР еңбегі сіңген энергетигі Александр Липовой аталмыш туындының мемлекеттің дамуына қосар үлесі зор екеніне сенімді. Бұл салада жылдар бойы еңбек еткен ардагер кітаптың қоршаған ортаның жағдайына алаңдаулы қалың жұртшылыққа қызықты болары сөзсіз дейді.

 Александр Липовой, ҚР еңбегі сіңген энергетигі, еңбек ардагері:
– Бұл кітап мемлекеттің дамуына зор көмек болмақ. Қазақстан мен Еуропа елдерін энергетикалық көпір арқылы байланыстыру идеясы жоғары шешім. Өйткені Қазақстанның энергетикалық мүмкіндігі зор.

Облыс орталығына «ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энергоэкологиялық стратегиясы» атты кітаптың алғашқы тобы келіп түсті. Енді барша солтүстікқазақстандықтар бұл еңбекпен жіті таныспақ.

Инеш Шоқақова