Қылмыс

Теміржол бойында төтенше оқиғалар жиіледі

 

 

 

Соңғы уақытта теміржол вокзалының перрондарында заңсыз алкоголь өнімдерін сатушылар көбейіп кетіпті. Петропавл станциясына аялдайтын жолаушылар алыпсатарлардың сапасыз  арзан арақ-шарап өнімдеріне әуес көрінеді. Осыған орай желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері заңсыз саудагерлердің кәсіптеріне тосқауыл қою бағытындағы алдын алу шараларын күшейте түсті.

Ерлан Тасымов, Петропавл станциясының ЖІІБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы:
-Аз уақыттың ішінде әкімшілік кодекстің 162- бабы яғни заңсыз сауда-саттыққа қатысты 12 материал жинадық. Соттың шешімімен әрбіріне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлерін аса қауіпті шойын жол аумағында жасөспірімдердің қараусыз жүретіндігі алаңдатып отыр. Қарашаның төрті күні Асанов станциясында кәмелет жасына жетпеген жерлесіміз қозғалып келе жатқан жүк поезына секіріп мінемін деп аяғы тайып кеткен. Қатты мертіккен жасөспірім 4 бірдей саусағынан айрылып қазір жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.

Ерлан Тасымов, Петропавл станциясының ЖІІБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы:
-Әсіресе теміржол бойында тұратын ата-аналардан  балаларын қараусыз қалдырмауларын сұраймыз. Жасөспірімдердің қызығушылығы қайғылы аяқталуы мүмкін. Сақ болған абзал.

Белгіленбеген жерден темір жолды кесіп өту қауіпті.   Ағымдағы жылы жолын қысқартамын деп асыққан 8 адам поезд астына түсіп, өмірмен қоштасқан.

Жеңіс Ермұқанов