Қоғам

Студенттер энергияны тиімді пайдалану туралы ой бөлісті

Елбасының жаңа еңбегін студенттер үлкен қызығушылықпен қабылдады. Жаһандану үдерісіндегі энергоэкологиялық мәселелерді шешудің жолдары ұсынылған еңбек кімді болса да тамсандырмай қоймайды. Әсіресе, энергетика және машина жасау факультетінің студенттері монографиялық жұмыстың ішкі мазмұнына аса үлкен қызығушылық танытты. Себебі олардың өздері де осы тың салада көптеген ғылыми зерттеулермен айналысып келеді.

Санат Байқуаныш, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ЭМЖ факультетінің студенті:
– Елбасымыз айтқандай, адамзат энергия алудың көп жолдарын ойлап тапты. Алайда олар табиғи апаттан сақтандырылмаған. Меніңше күннің, желдің энергиясы осы қиындықтарды түбегейлі шешпек. Бүгінгі кездесуге дайындаған баяндамам да осы тақырыпта.

Атап өтетіні, СҚМУ энергетика және машина жасау факультетінің студенттері көп жылдар бойы энергияны тиімді пайдаланудың қыр-сырын меңгеріп жүр. Жетістіктері жоқ емес. Жақында олар жарықдиодты шам ойлап тапқан және оны патенттеп үлгерген.

Нәби Нәбиев, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ЭМЖ факультетінің деканы:
-Біздің студенттер республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі ғылыми жобаларға қатысып тұрады. Қазіргі кезде энергияны үнемдеу мәселесін қолға алдық. Яғни, қарапайым қызатын лампаларды алмастыратын басқа шамдарды қарастырудамыз.

Кітаптың тұсаукесеріне РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясының профессоры Анатолий Спицын, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Нұралы Бектұрғанов қатысып, жаңа кітапқа арнайы даярланған баяндамаларын оқыды. Аға буын өкілдері жастарды Қазақстан Президентінің монографиясында айтылған идеялармен таныстырып болған соң, оның 17 данасын университет ректоры Оңдасын Әшімовке табыс етті. Енді бұл кітаптар оқу ордасындағы кітапхана қорын толықтырмақ.

Гүлден Төлеген