Құқық қорғау органдары

Полицейлер мемлекеттік тілді компьютерлік бағдарламалар көмегімен оқиды

 

Облыстық ішкі істер департаментінің аға сержанты Александр Краль қазақ тілін жетік меңгеріп алуды мақсат етіп қойған. Аяқ алысы жаман емес. Ол алдымен бастауыш бөлімде әріп танып, жалғастырушы топта оқып, жазуды меңгерген. Қорытынды кезеңде Александрге енді бар білгенін пысықтап ойын еркін жеткізуеге машықтану керек.

Александр Краль, СҚО ІІД қызметкері:
– Қазақ тілі сабақтары жыл сайын қыркүйек айынан мамыр айына дейін өткізіледі. Мен өткен жылы жалғатырушы топта, биыл тереңдету тобында оқып жүрмін. Қазақ тілі мемлекеттік тіліміз болғасын, оны білу әрбіріміздің парызымыз деп санаймын.

Александр сынды қазақша тіл  сындырып жүрген тыңдаушыларға жаңа ақпараттық технологиялардың көмегімен діттегеніне жету мүмкіндігі жасалып отыр. 3 млн теңгеге қазақ тілі сыныбы толығымен жаңартылды. Лингафонды оқыту бағдарламасымен қамтылған 16 компьютер қойылды.

Меруерт Төлебаева, СҚО ІІД қазақ тілі оқытушысы:
– Бұрын мұндай мүмкіншілік болған жоқ. Енді   қызметкерлерді оқытуға өте қолайлы. Қазақ тілін меңгеруде жақсы әсер ететін көру, есту қабілеттерін қамтамасыз ету бағдарламалары бар. Сол бағдарламалар біздің қызметкерлерді оқыту барысын жетілдіреді деп ойлаймын.  

Электронды мәтіндер мен дыбыстық оқыту жүйесінің тиімділігін облыстық ІІД қазақ тілін меңгеріп жүрген 18 топтың тыңдаушылары байқап көретін болады.

Алтынбек Тиштібаев, СҚО ІІД мемлекеттік тілді дамыту бөлімшесінің бастығы:
-Біздің мақсатымыз полиция қызметкерлерін мемлекеттік тілге тек күнделікті ауызекі сөйлесу тілінде ғана емес, сонымен бірге құжаттармен жұмыс істеуде екі тілді қатар қолдану. Полиция қызметкерлері күннен күнге осы бағыттағы жұмысты тереңдетіп әрі қарай заңға сәйкестендіруге талпынуда.  

Жалпы облыс бойынша тәртіп сақшыларының 72 тобында мемлекеттік тіл сабақтары аптасына екі мәрте оқытылады.

Жеңіс Ермұқанов