Мәдениет

Надежда Косыгинаның жеке концерті

Бұл шығармашылық кеш  Надежда Косыгина үшін аса толғанысты. Халық алдына шығып, өнер көрсету қай кезде болмасын ерекше талап-жігерді, батылдықты қажет етеді. Ал дарынды жерлесіміздің сахна төрінде жүргеніне 30 жыл. Есеп беру концерті әртістің 60 жасқа толуымен тұспа-тұс келген екен.

Надежда Косыгина, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Репертуарымдағы әндерді өте ұзақ таңдадым. Өйткені, олардың бәрі мен үшін өте қымбат және тыңдарман бұл туындыларды жақсы қабылдайды. Сондықтан, шығармашылық кеш туралы әңгіме қозғалғанда, ән таңдау мәселесі қиынға соқты. Барлық әндерімді орындап шығу мүмкін емес.

Республикалық фестивальдардың лауреаты  атанған әншінің репертуарында бүгінде 200-ден астам ән бар. Мерейтой иесінің  еңбегін жергілікті орыс театрының ұжымы да жоғары бағалайды. Надежда Косыгинаның көп жылдан бергі досы, әрі өнердегі әріптесі Людмила Турпаян оның тек сахна төрінде ғана емес,  өмірде де ерекше жан екенін айтады.

Людмила Турпаян, ҚР халық әртісі:
– Надежда Косыгина өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Ұжымдағы әрбір адам оны үлгі тұтады. Ол өте керемет адам, тамаша дос, жақсы ана. Оның үлгілі отбасы бар. Басқаша болуы мүмкін емес.

Талантты актриса театр сахнасында басты рольдерді сомдап жүр.

«Сирена и Виктория», «Проснись и пой» спектакльдеріндегі образдар оның жарқ етіп көрінген бейнелері.

 -Мен оның барлық әндерін сүйіп тыңдаймын. Жақсы дем алдық.
– Жоғары талант иесі, әрине. Оның орындауындағы әндер жүректен ерекше орын табады. Шығармашылығына табыс тілеймін.

Кеш соңында Надежда Косыгинаға облыс әкімінің атынан гүл шоғы табыс етілді. Көрермендер тарапынан көрсетілген қошемет концерттің жоғары деңгейде өткендігін байқатты.