Қоғам

Жетімдерді жебегендер марапатталды

Ата-ана мейіріміне зәру балаларды қамқорлығына алған қайырымды жандардың мерекесі соңғы екі жыл көлемінде аталып жүр. Шараға 33 қамқоршы мен олардың тәрбиесіндегі жеткіншектер қатысты.

Ақжүніс Мұсырман, қалалық білім бөлімінің бастығы:
– Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына көптеген шаралар өтіп жатыр. Сол шаралардың бірі ретінде осы қорғаншылар күнін айтуға болады. Қазіргі кезде қалада 262 жетім бала тіркелген болса, оның ішінде 162-сі қорғаншыларға берілген. Жалпы үкімет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар бар.

Облыс бойынша жетім балалар мен ата-ана қарауынсыз қалған сәбилердің саны 1396. Соның ішінде 699 бүлдіршін жетімдер үйі мен интернаттарда тәрбиеленуде. Облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің бастығы Виктор Литвиненко жетім балаларға қамқор болып, өзгеге үлгі көрсетіп жүрген азаматтарға алғыс хаттар табыстады. Гүлмай Дахан қамқорлығына сіңлісінің ұлы Тайман Аманболды осыдан екі жыл бұрын алған. Ата-анасынан айрылған бала бұған дейін әжесінің тәрбиесінде болыпты.

 

Гүлмай Дахан, қамқоршы:
-Бүгін міне қамқорлыққа алынған балаларға арналған мереке жүріп жатыр. Оған біз ризамыз. Себебі   осындай шаралар жиі өтуі керек,  олардың көңіл-күйі жай балаларға қарағанда төмен деңгейде болады, сондықтан да олардың көңіл-күйін көтеруге тиістіміз.

Мерекелік шара оқушылар дайындаған концертке ұласты.