Бизнес және экономика

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының көмегі тигендер көбейіп келеді

 

 

«Назарова» ЖК құрылғанына 6 жыл болыпты. Бастапқыда кәсіпорын бар болғаны нанның үш түрін ғана шығарған екен. Бүгінде ас атасының – 15, ал кондитерлік өнімдердің 50 аталымын дайындайды. Дмитрий Могильный кәсіптік-техникалық лицейде наубайшы мамандығын игеріп алған. 4 жыл бұрын еңбек жолын осы кәсіпорында бастапты.

 Дмитрий Могильный, «Назарова» ЖК наубайшысы:
– Жалақымды уақытымен беріп тұрады. Жуырда автоматтандырылған жаңа пеш алды. Жұмысым өзіме ұнайды, қиын емес.

Биыл кәсіпорын “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасының қатысушысы атанды. Осының арқасында бөлінген субсидияға зефир мен түрлі тәтті тоқаш әзірлейтін құрылғы сатып алыпты.

Гюзаль Назарова,  «Назарова» ЖК директоры:
-Қазақстанда бұндай бағдарламаның қолға алынғандығы әсіресе мен сияқты шағын және орта бизнес өкілдеріне тиімді. Қымбат құрылғыларды сатып алуға көп кәсіпкерлердің қолы жетпейді. Бұл қолдау ісіміздің өркендеуіне жол ашты.

Жаңа құрылғылардың қуаттылығы сағатына 300 келіге дейін тоқаш әзірлеуге қауқарлы екен.

Олеся Василищева,  «Назарова» ЖК кондитері:
– Бұрын бәрін қолмен жасауға тура келетін. Қазір бәрі автоматтандырылған, жылдам әрі сапалы болып шығады.

Кәсіпкерге бұндай көмекті “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚО бойынша аймақтық филиалының мамандары жасапты.

Айгүл Мұратова, «Даму»  кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ СҚОФ менеджері:
-Бұл кәсіпорын 7 пайыздық үстеме ақымен несие алды. Бүгінде бар жабдықтар жеткізіліп, іске қосылды. Кәсіпорын өнімдері сұранысқа ие болғасын осындай қолдау жасалды.

Жалпы биыл аталмыш мемлекеттік бағдарламаның қолдауына өңіріміздің 40 кәсіпорыны ие болды.

Ирина Суворова, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ директоры:
-Бизнес бастамаларының бірінші бағыты бойынша 31 өтініш түсті. Оның 27-сі аумақтық кеңестің қолдауын тауыпты. Кәсіпкерлік секторды сауықтыру бағыты бойынша 8 арыздың 7-і қанағаттандырылды, оның 5-і субсидия алып үлгерді.

Жеке ісін бастағысы келетіндердің көп бөлігінің ұсыныстары агроөнеркәсіп кешенін ашуға қатысты.

Ирина Суворова, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ директоры:
-Аграрлы өңір болғасын, бізге келушілердің көбін осы сала қызықтырады. Әсіресе астық өндірумен айналысқысы келетіндердің саны басым.

Алдағы жылы ауыл шаруашылығына қатысты 15 жоба іске қосылмақ. Жалпы биыл өңір кәсіпкерлеріне 200 млн теңгенің субсидиясы бөлініпті.